Шағын және орта бизнес ашудың шарттары жеңілдетілмек

Елімізде шағын және орта бизнес, агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін бірқатар шарт жеңілдетіледі. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Индустрия­ландыру және экономикалық өсім» үшінші институционалдық реформасын іске асыру барысы туралы баспасөз конференциясында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, ШОБ пен АӨК субъектілері үшін бірқатар шарт жеңілдетіледі және қосымша режимдер ұсынылмақ.
«Шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолданыстағы арнайы салықтық режимдерді сақтау қарастырылған. Дегенмен кейбірі жаңғыртылады. Мәселен патентті алсақ, мөлшерлеме 2%-дан 1%-ға азаяды. Ал «жеңілдетілген декларация» режимі үшін талаптар жеке тұлғалар үшін де, заңды тұлғалар үшін де табыстың мөлшері бойынша бірдей болады. Сонымен қатар жаңа режим ұсынылады. Тиянақталған шегеріс режимі. Бұл кімнің айналымы үлкен, бірақ табысы аз болса, соған тиімді. Салық төлеушілерге режимді таңдау құқығы беріледі», – деді Руслан Дәленов.

Аграрлық сала үшін де ынталандыру шаралары ұсынылып отыр.

Бірыңғай жер салығы (БЖС) режимінде ШФҚ үшін ҚҚС бойынша шектеулер болмайды, яғни ШФҚ-ҚҚС салық төлеушілер БЖС пайдалану құқығына ие болады.

Еңбекақы төлеу қорына жүктемелерді азайту үшін ШФҚ басшысы, мүшелері және жұмысшылары үшін әлеуметтік салықты шегеру ұсынылып отыр. Қызмет әрекетінің басқа да түрлерін бөлек есептеу арқылы жүзеге асыруға рұқсат берілетін болады.

Комментарии закрыты.