Болашаққа жаңартылған біліммен

Әлемдегі барлық мамандықтардың ішінде шеберлікті, жан-жақты білімділікті, ерекше мейірімділікті қажет ететін – ұстаздық. Қара шаңырақ мектепке тарыдай болып кірген пәк пейілді баланың ер жетіп, таудай болып ұшқанындағы аралық – ұстаздың көз алдында.

Ілім үйреніп, одан соң оны басқаларға үйретпеу – мол дүние жиып, оны керегіне жаратпай, көміп қойғанмен бірдей, – дейді шариғатымыз. Ендеше, біз бойымызға сіңген ілімді бөліспекке жүрген жандармыз.

Ұстаздық әрқашан ізденімпаздықты, жан-жақтылықты қажет ететін мамандық. Заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын арттыратын тың бағдарлама – мемлекетіміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасын түсіну, ұғыну қажеттілігі туындады. Елбасы  Н.Назарбаев өз сөзінде: «Біз қазір «білім-ғылым-инновация» атты үштік үстемдік құратын постиндустриялық әлемге қарай бағыт алып барамыз» деген болатын. Ендеше, ғылым мен техника ұштаса дамыған заманда білім берудің мазмұнын жаңартып, оқыту үдерісіне де өзгерістер енгізу талап етілді. Соған байланысты ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр. Осы орайда, біз де облысымыздың түкпір-түкпірінен жиналған 33 мұғалім алдымызға қойылған талапты жүзеге асыру, біліктілігімізді шыңдау мақсатында Қарағанды қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығы филиалында жиналдық.
Бір айға созылған бұл курста әр түрлі санатты ұстаздармен тәжірибе алмасып, жаңашылдықты бойымызға сіңіре отырып, аса жоғары белсенділікпен, алдағы оқу жылына дайындықпен оралдық. Аталмыш курста күнделікті ағылшын тілі пәнін жаңартылған мазмұнда оқытудың әдіс-тәсілдері жайлы дәріс-тренингтер тыңдалды және алған білімдерімізді тәжірибеде қолдана білуге дағдыландық. Алдымызда отырған оқушыларға тілді тиімді үйрету – жүйелі құрылған жоспардан бастау алады. Осы негізде курста сабаққа қысқа мерзімді жоспарды жүйелі құру қарастырылды. Бағдарлама оқушылардың төрт тілдік дағдыларын, яғни тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Курс барысында, осы дағдылардың бастауыш және орта буында жүргізу әдіс-тәсілдері айтылды. Осы дағдыларға байланысты тапсырмалар да жүйелі байланысып, ұштасып отыруы тиіс. Сонымен қатар, саралау әдісі де көптеген әріптестерімде қызығушылық тудырды. Оқушылардың топтық, жұптық және жеке жұмысын бағалаудың да әр түрлі әдістері үйретілді. Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша әр дағдыны қалыптастыру «шиыршық әдісімен» жүзеге асады, яғни әр тапсырма жеңілден күрделіге бағытталады. Курс аясында жиған білімді бекіту мақсатында, әріптестер бірігіп, ықшам сабақтар өткізіп, тәжірибелерімен алмасты.

Осы бір ай көлемінде оқуға деген ерекше құлшыныс, әріптестер арасында жайдарлы қарым-қатынас болды. Менің ойымша, бұл тікелей осы уақыт аясында тренерлік еткен Байжігітова Төлеубике Рымханқызының ұйымдастырушылық қасиетінің арқасы.

«Мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға – мұғалім», – деп бекер айтылмаған. Бала оқыту жүйесінде мұғалімдерге үлкен міндет жүктелетіні айдай анық. Сол міндетті абыроймен атқару үшін күні-түні іздену, әлемдегі озық әдіс-тәсілдерді барынша мектеп өміріне ендіру – ұстаздар үшін парыз. Сонда ғана Елбасымыз айтқандай озық және бәсекеге қабілетті ұлттық білім беру жүйесін құра аламыз деп ойлаймын.

Дана Абельдинова,
С.Сейфуллин атындағы гимназияның мұғалімі.

Комментарии закрыты.