ЭКСПО-ға саяхат

Шілде айының 23-27 аралығында Сәтбаев қаласының 71 оқушысы «ЭКСПО – 2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне экскурсия жасады. Оның барысында оқушыларға көрмеге кіру билеттері ұсынылып, волонтерлар тарапынан іс-шаралар жоспары туралы ақпарат берілді.

Саяхат көрменің архитектуралық символы «Нұр Әлем» кешенінен басталды. Кешеннің бірінші қабатында Қазақстанның соңғы жетістіктері орналасқан. Сонымен қатар, Латын Америкасының плазасы оқушыларды өзінің салт-дәстүрімен қарсы алды. Мысалы, балалардың назарын ерекше аударған Катар павильонының жарқыраған келбеті. Сондай-ақ, француздықтардың павильоны мультимедиалық қойылымдар, Париж қаласының келбетін көрсеткен интерактивті терезе және «Пежо» электромобильді залымен таң қалдырды.

Корея павильоны басқа халықаралық павильондар арасында ауданы жағынан ең үлкені екен. Оның бірінші қабаттағы ойыны арқылы балалар «Жасыл энергия азаматы» атанды. Оқушыларға Ресей, АҚШ, Үндістан, Түркия, Пәкістан, Сауд Арабиясының павильондары да жақсы әсер қалдырды.

Үш күндік бағдарлама бойынша «Сарыарқа-тур» фирмасы теміржол вокзалында күтіп алғаннан бастап, қайту уақытына дейін барлық іс-шараларын жоғары деңгейде атқарды. Достарымызбен «Хазрет Сұлтан» мешітіне, «Мега» ойын-сауда орталығына, «Астана-Бәйтерек» монументіне Елордамыздың көрікті жерлеріне экскурсия жасадық. Еліміздің бас қаласы бізді өзінің жаңа үлгідегі ғимараттарымен, ерекше архитектуралық нысандарымен, жаңа технология негізінде салынған көп қабатты құрылыс орталықтарымен ерекше әсерге бөледі.

Г.Аманбек,
№4 мектеп-лицейінің оқушысы.

Комментарии закрыты.