Медиацияның артықшылығы

Медиацияның мақсаты – дау­ды бітімгершілікпен шешуде екі тарапты да қанағаттандыру. Медиацияны жүргізу кезінде еріктілік, құпиялық, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптығы және медиация тараптарының тең құқылығы мен оның рәсіміне араласуға жол бермеушілік қағидаттары сақталуы тиіс.

Медиация тәсілі сот ісіндегі тазалықты, әділ төрелікті қамтамасыз етудің негізгі тәсілдерінің бірі. Жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу кезіндегі медиация сотқа жүгінгенге дейін де, сот талқылауы басталғаннан кейін де қолданылуы мүмкін. Қылмыстық сот ісін жүргізу барысындағы медиация қылмыстық процессуалдық заңында белгіленген сотқа дейінгі және сотта іс жүргізу мерзімдерінде жүзеге асырылады.
Медиацияның жылдан-жылға кеңінен қолданылуы, адамдардың олардың қызметіне көбірек жүгінуі – оның сот жүйесімен салыстырғанда бірнеше артықшылықтары бар болуын көрсетеді. Атап айтқанда – Медиация процедурасы сотпен салыстырғанда аз уақыт алады; Медиатордың қызметі сот қызметіне қарағанда арзанға түседі; Тараптардың арасындағы қатынас бұзылмайды; Заңды ғана емес, тараптардың мүдделерiн ескереді; Құпиялық сақталады.
Сонымен қатар, cот өндірісінен оның тағы бір айырмашылығы – медиацияның нәтижесінде «кінәлі» мен «кінәсіз» деген тараптар болмайды. Медиацияның арқасында соттарда қаралатын істердің саны да айтарлықтай азаймақ. Дауларды сотқа жеткізбестен, өзара бітімгершілікпен аяқтау судьяларға жүктемені азайтып қана қоймайды, сондай-ақ, қоғамда орын алып отырған даулардың шешімін табуға да септігін тигізіп келеді.
Қазіргі уақытта медиаторлардың қатысуымен істердің тиімді шешіліп келе жатқанын айту қажет. Сот тәртібінде қарастыруға тиіс даулардың санын қысқартып, оларды шешудің баламалы тәсілін қолдану, оның ішінде бітімгершілік рәсімдер – медиация әдісін қолдану адам құқықтарының әділ сақталуының кепілі. Сот жүйесінде медиация институтының дамуына  қажетті іс-шаралар жүргізілуде.
Қорыта айтқанда, «Медиация» азаматтар арасындағы қарым-қатынаста талас-тартыс деңгейін төмендетуге, тараптардың қарым-қатынас мәдениетінің, этикасының жоғарылауына, ерікті түрде орындалатын шешімдердің көбеюіне септігін тигізіп келеді.

С.Бухарова,
Ұлытау аудандық соты кеңсе меңгерушісінің м.а.

Комментарии закрыты.