Барымызды бағалай білейік

Еліміздің Тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр болды. Ешқандай бұрмалаушылығы жоқ, шынайы тарих қашан қолға тиеді екен деп күтушілер де көп. Бұл тарих ең біріншіден, болашақ ұрпаққа, елге, елін сүйген әрбір азаматқа керек екені баршаға мәлім…

Ал қазір жазылған, жазылып шыққан тарихты оқи қалсаңыз, бұрмалаушылық, қисынсыз, түсініксіз, негізсіз деректер көп. Көптеген тарихшыларымыз кабинеттен шықпай, ғылым кандидаты, ғылым докторы дегендерді бір орындықта отырып-ақ алып жатыр. Археология қазбаларымен салыстырып, елді жүзге, руға бөлмей-ақ, қазақ халқының тұтастығын білдіретін туындылар жоқтың қасы. Бұл бір жағынан түсінікті шығар. Себебі, қазақ халқы өмір бойы жаугершілік, тоталитарлық қысым, өмір бойы біреуге тәуелді болып өмір сүріп келді ғой. Соңғы жылдары жазылған тарихи деректер жоғарыда айтып кеткендей сыңар жақты, біреуге жағыну, реформалар болып көріну белең алып барады. Шынайы тарих, біздіңше, археология, этнология, деректану, әлем тарихына сүйеніп жазылуы керек. Кейбір тарихшылар сол баяғы Ресей ғалымдарының, отаршылдық жылдардың деректерімен, өз болжамдарымен тарихи шығарма жазған болады. Ал негізінде олар болашағымызды «басқа жаққа» сүйреп бара жатқанын түсінбейді, түсінгісі келмейді, оның үстіне қағаз бетіне түскенді өзгерту өте қиын ғой, болашақ алдында жауап беретінін түсінбейтін сияқты. Ізденіс, шындыққа қол жеткізу жоқтың қасы.
Әрбір ұлтжанды азамат өз халқының, өз елінің тарихын білуіне ұмтылуы заңды құбылыс. Содан болар әр тарихшы өзінше тарих беттерін өрбітіп жатыр. Бұл – өте ауыр да жауапты шаруа. Себебі қазақстандықтардың әр ғасырда өмірге көзқарастары әр түрлі болды. Бұған ұзақ жылдар бойы бодандықта болу көп әсер етті. Отан тарихын жазу үшін оны бірнеше кезеңге бөліп алу дұрыс сияқты. Қазақ тарихының жанашырлары да өз еңбектерін өздері өмір сүрген заманына лайықтап кезеңдерге бөліп алған. Оның үстіне халқымыздың тарихында болып өткен көптеген, тіпті қарама-қарсы оқиғаларға дұрыс баға беріп, оқиғалардың сипаты мен мәнін дұрыс аша білу ғылыми негізге, бір заңдылыққа сүйенсе ғана шындыққа жетіп, халықтың көңілінен шығады. Мұндай талпыныстар Абай Құнанбаевтың («Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы») шығармасында кездеседі. Бұған дейін шетел ойшылдары мен ғалымдары қазақ тарихын үзіп–үзіп қағазға түсіріп кеткен. Олар гректер мен римдіктер, ағылшындар мен немістер, АҚШ пен Ресей елдерінің өкілдерін атауға болады.
Қазақтың белгілі ғалымы М.Тынышпаев қазақ дәуірін екіге бөліп қараса, С.Асфендияров қазақ дәуірін үш кезеңге бөліп суреттейді. «Қазақ ССР тарихының авторлары да төл тарихты бірнеше формацияларға бөледі. Дүние жүзі қазақтарының бірінші құрылтайында баяндама жасаған академик ағамыз М.Қозыбаев қазақ тарихын 9 дәуірге бөліп қарайды: 1-қазақ даласында өмір сүрген тайпалар; 2-сақ-ғұндар заманы; ғұндар заманы; 3-түркітектес тайпалар заманы; 4-қыпшақтар; 5-моңғол үстемдігі заманы; 6-қазақ хандары; 7-отаршылдық заманы; 8-қазақ халқының кеңес империясының бұғауында болуы; 9-егеменді ел Қазақстан. Бұдан кейін де жас зерттеушілер қағаз бетінде көптеген пікірлер білдірді. Алайда біз Тәуелсіздік алған кезеңдегі қазақ тарихшыларының көшбасшысы, академик М.Қозыбаевтың пікіріне тоқтағанды жөн санаймыз. Қазақ хандығының 550 жылдығын атап жатсақ та, тарихшыларымыздың бір тұжырымға келмеуі, мүмкін, әр кезеңде еліміздің геосаясатынан шығар, осы уақытқа дейін орыс бодандығына баға берілмеуі, әлде де болса ғалымдарымыздың жалтақтығы, оның үстіне саяси көсемдеріміздің ығынан шыға алмай, олардың қол шоқпары болып кеткендері жүрек ауыртады.
2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы Ұлытау жерінде тойланды. «Ұлытау – ұлт кіндігі» ғой. Сондықтан жоңғарлар Ұлытауды жаулап алуға үлкен мән берген еді. Бірақ, бірінші рет осы жерде біріккен қазақ жасағынан жоңғарлар жойқын тойтарыс алды. Бұланты-Білеуті шайқасының басталған жеріне халық ескерткіш қойды. Құптарлық іс. Бірақ осы шараға бір де бір тарихшы, этнограф, археолог қатысқан жоқ, жергілікті патриоттарды алмағанда. Бұл нені білдіреді? Үйде отырып бір кітаптан екінші кітапқа көшіріп, тарих жазушылардың көбейгенін білдіреді.
Осы жылы Бұланты-Білеуті шайқасы басталған жерде батырларымызға халық өздері ескерткіш қойды. Бірақ көбісі елге толық таныс емес, олар туралы деректер жоқтың қасы. Сондықтан бұл мәселе болашақ ұрпаққа, тарихшы ғалымдарымызға аманат болады ғой деп сенеміз. Соңғы кезде шыққан кітаптардың арасынан Камал Әбдірахманұлының «Қаракерей Қабанбай» (2008 жыл) шығармасы тарихи деректерге, жырларға, құжаттарға негізделіп жазылыпты. Сондай-ақ Тұрмағанбет Исмағұлұлының «Шұбыртпалы Жаулыбай батыры» (2006 жыл) естеліктер негізінде жазылып, халықтың қолына тиді. Бұлар аздық етеді. Апыр батыр, Кенже батыр (Малайсары батырдың ұлы), Тайлақ батырлар және т.б. туралы деректер өте аз. Ендігі мақсат сол қолда барымызды бағалай отырып, жоқтарының орнын толтыру.

Дәрмен Оразбаев,
зейнеткер, запастағы полковник.
Астана қаласы.

Комментарии закрыты.