Мемлекеттік қызметке – мемлекеттік тілмен

Тіл – халықтың мәңгілік халық болып қалуының айғағы. Тіл – өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі. Ал, Мемлекеттік тіл – еліміздің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені, болашағы.

Әр халық ана тілін дамытуына, әлемдегі бүкіл елдің мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі ұжымдық құқығын жүзеге асыруына заң жүзінде мүмкіндік алды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деуі еліміздегі тіл саясатының бүгіні мен болашағын айқындайды. Тіл – ұлттық сананың өсуіне апарар сара жол, осы орайда Елбасымыздың «Тілге деген көзқарас – шындап келгенде елге деген көзқарас» деген тамаша пікірін айта кетсек артық болмайды деп есептеймін.
Мемлекеттік тіл халықтың қолданыс тілі болуы тиіс. Тілді қолданам деген адамға оның мүмкіндігі шексіз. Қазіргі таңда мемлекеттік тілді оқыту, дамыту және қазақ тілінің қажеттілігін арттыру үшін көптеген шаралар жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, соттар саласындағы қызметкерлерге мемлекеттік тілді үйрету сабақтары тұрақты түрде жүргізілуде. Осы сабақтардың нәтижесінде қазақ тілін үйреніп жатқан басқа ұлт өкілдері де бар. Қазіргі уақытта барлық құжаттар, іс-қағаздар мемлекеттік тілде орындалады. Сәтбаев қалалық сотында мемлекеттік тілге деген талап күшейтілді. Мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты іс-шаралар Сәтбаев қалалық сотында да толығымен қамтылған деп айтуға болады. Бізде мемлекеттік тілді қызмет бабында қолдануды дамыту жөнінде жұмыс тобы құрылған. Аталған топ қалалық соттың шығыс құжат айналымының 100 пайыз қазақ тілінде жолдануын және құжаттардың сапалылығын қадағалайды.
Жалпы, «Мемлекеттік тіл – менің тілім» дегенді мемлекеттік қызметкерлерге міндеттегенде ғана оның өміршеңдігіне қол жетеді. Халықтың қаны мен жаны саналатын қазақ тілінің абыройы мен беделін көтеру әрбір қазақстандықтың міндеті, адал борышы болуы тиіс.
Барлық өңірде мемлекеттік істі мемлекеттік тілде жүргізу қажет. Қағаз жүзінде емес, іс жүзінде. Оған қазақ тілін меңгерген кадрларды тарту бүгінгі басты міндетіміз болғаны абзал. Тіл тазалығы үшін күрес тоқтамауы қажет, әр қазақ өз тілінің тазалығы үшін күресуі қажет. Өзге тілдерден мемлекеттік тілімізді жоғары санауымыз қажет, сонда ғана біз жетістіктерге қол жеткіземіз.

Мақпал Қожахмет,
Сәтбаев қалалық сотының
бас маманы.

Комментарии закрыты.