Туған елге тағзым

Кіндік қаның тамған, топырағына аунап, қаз басқан қасиетті мекеніңнің тарихын білу – әрбір қазақстандықтың парызы. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осы мәселеге баса назар аударып, «Туған жер» бағдарламасын ұсынған болатын. Бағдарламаның басты мақсаты – өскелең ұрпақты туған жердің тарихын білуге, өлкетану жұмыстарын жүргізуге және ең бастысы отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Осы орайда тамыз айының басында Сәтбаев қаласының білім бөлімі қала мектептерінің дарынды оқушыларын Ұлытау аймағындағы тарихи орындарға экскурсияға алып шықты. Оқушыларды туған өлкеміздің мәдени-тарихи орындарымен таныстырып, оларды өлкетану ісіне баулу мақсатындағы бұл іс-шараға «Сарыарқа дарыны» аймақтық ғылыми-тәжірибе орталығы директорының орынбасары Ербол Сармурзин арнайы келіп қатысты.
Туған өлкемізге саяхат Ұлытау төңірегіндегі Алаша хан, Жошы хан мазарларынан бастау алды. Мыңжылдық тарихы бар көне ескерткіштер өзінің салыну ерекшелігімен, ғұмырының ұзақтығымен, атауының жұмбақтығымен оқушылардың назарын аударды.
Экскурсия барысында Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің тарих пәні мұғалімі Әсем Әбдіраймова көне ескерткіштердің шығу тарихы мен есімдері ел есінде сақталған Алаша хан, Жошы хан жайында тағылымы мол мағлұматтар берді.
«Сарыарқа дарыны» аймақтық ғылыми-тәжірибе орталығы директорының орынбасары Ербол Жаңбырбайұлы оқушыларға Алаша хан туралы аңыз-әңгімелер мен Жошы хан туралы аңыз желісімен түсірілген анимациялық фильм жайлы, көне ескерткіштерді зерттеген ғалымдардың еңбегі жайлы қызықты әңгімелер шертті.
Саяхат барысында оқушылар Ұлытау өңіріндегі бүгінгі күнге дейін сақталып келген Алаша хан мен Жошы хан кесенелерінің құрылысындағы көркемдік тәсіл, бір-біріне ұқсамайтын сәулет өнерінің тамаша үлгілері, бұл ғимараттардың республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енгені, мемлекет қорғауына алынғаны жайлы да мол мағлұматтар алды.
Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде мәңгі сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс. «Туған жер» бағдарламасы аясында біз осы істі жандандыра түсетін боламыз.

Лаура ДүЙсен,
қалалық білім бөлімінің әдіскері.

Комментарии закрыты.