«Бойымда қаны бар нағашымның»

Нағашыларыма жастайымнан үйір болып өстім. Үйде әжем болғасын ба, әлде нағашы апам Зағираның сүтін емгендіктен бе, Алуа, Гүлжаухар әжелерім бесігімді тербеткендіктен бе, Сейтмағамбет, Сейфолла, Кенжебек, Тасболат нағашыларым көп көтеріп, арқаларына салып ойнатқанының әсері ме, әйтеуір, нағашыларыма жақын жүріп балалық, жастық шағым өтіпті…

Өсе келе Шынболат нағашыма жақын болдым. Ол кісінің бойындағы сан қырлы өнері, сөз саптауы, нар тұлғасы мен батылдығы, айтар сөзін бетке тіке айтуы маған үлгі өнеге болып қалды. Той басқарғанда жанында жүрсек мәз болатынбыз. Ондай бақыт жылына бір-екі рет кездесетін.

Өмірдің қызығы, қуанышы, қайғы-қасіреті қатар жүретін табиғаттың қатал заңы бар. Сондай уақыттарда Шәкең бізбен, біз Шәкеңмен бірге болдық. Қабыл деген құдықты жайлап, жаз бойы бие сауып, құрт қайнатып, май былғаған ата-анамның шаруадан қолы босамайтын, бағып-қағатын немерелері тағы бар. Сондай уақытта Көкшеден, Сырдан, Қырдан келдім, – деп, Шәкең Әлия екеуі ауылдағы ақсақалдар мен әжелерді той-думанға бір бөлеп тастайтын. Шынболат қашан келеді екен деп қала жақтағы қасқа жолға қарап отырушы еді, иманды болғыр ата-әжелер! Ал, әкей болса теледидардан бір нашарлау ән айтылып жатса: «Өшір анауыңды, айтса Шынболаттай айтсын, немене өлеңнің мәнін кетіріп» – деп отыратын.

Шәкеңе екі апасы құлын атап, сол құлындар өсіп тай болды, Шәкеңнің көңілі жай болды. Бірде: «Әй, Қыпшақ, менің біраз малым бар екен. Анау әкең соғымға мал беретін түрі жоқ. Не істейміз?» – деді. Әкеммен сөйлессем, «сол байталдар бие болып құлындасын, сол құлындар байтал болғанда соғымға сойылады» – демесі бар ма? Шәкең екеуміз есептесек оған әлі төрт-бес жыл уақыт керек екен. Кейін білдік, ол әкемнің әзілі екен, жылдағы соғымы апа-жездесінің мойнында болды ғой!

Алған-бергенін айтып кетті ғой деп сөкпеңіз, балдыз бен жезденің арасындағы сыйластық, бір-біріне деген қамқорлық ұрпағына жұғысты болса екен деп армандаймын.

Апалары Зағира, Зағипа, Ұлтуғанға арнаған өлең шумақтары ел аузында, кітапта қалды. «Бір апам бар, Зағипа, сал-серілігіме қарамай жығып салып аузыма сиетұғын. Бір апам бар, Ұлтуған, ақ бетімнен үбеп тұрып сүйетұғын, – деп апаларын әзілмен өлеңге қосқан. Анамыз басқа жерден қаншама қамзол, көйлек кисе де інісі Шынболат сыйлаған қамзолдар мен сыйлықтарды аузынан тастамай айтып, мақтанышпен киіп, жарқылдап жүруші еді.

Ағайынды алтауымыздың үйлену тойымызды нағашы бір өзі бірінен-бірін асырып басқарып, келіндерді Әлия өзі қолтықтап шымылдыққа жайғастырған еді. Бұндай сыйластық қазіргі жастарға айтсаң аңыз. Шәкеңнің бұл апа-жездесіне, жиендеріне, Әлия жеңгеміздің келіндеріне деген шынайы бауырмалдығы, адалдығы, туыстық махаббатының биік тұғыры еді.
Адам тіршілікте бір-бірінің қадірін дер кезінде толық бағалай білмейді. Ал, өмірден өткеннен кейін «қап» деп санын соғып қала береді. Қайран Шәкем-ай, нағашымның көпке үлгі болар ізгі істерін айтып тауыса алмай, орнын толтыра алмай жүрген жайым бар. Десе де, нағашыма етене жақын болғандықтан да ол кісінің қайбір шаруаларға бас болып, қайбір шаруалардың қандай кезекте атқарылуы қажеттігін жоспарлап жүретінінен де хабарым бар еді.
Сонау 90-шы жылдар болатын, Шәкең Тіней руының шежіресін жинақтап, бастырды. Ондағы ойы, жастарымыз бірін-бірі танымай кетпесін, ынтымағымыз бір болсын, сыйласа білсін, аға-қарындас екенін білсін, руын сұрамай ағалы-қарындас үйленіп қалмасын деп, келешектің қамын жегендік болатын. Осы жолда Тіней руының басын қосып, Құрылтай өткізуді жөн санады. Әрине, «жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегендей қиналыстар болды. Әйтсе де, «аға басшы болса, іні қосшы» дегендей ағайын-туыс бар. Арқа сүйер інілері – Мамахов Серік пен Амантай, Боранбаев Мұқан т.б. туыстарға бас болып, Ахмет ишан қорын құрды. Жезқазған-Қызылорда тас жолы бойына ишан ата қорымына барар жолға белгі тас орнатты, Қыр мен Сырдағы Тіней ата ұрпағы жиылып танысып, ишан қорымы басында үлкен ас берілді. Міне, артында қалған ұрпаққа үлгі-өнеге деп осыны айт.

Мен биыл жазда Шәкеңнен көргенімді істеп, әкемнің аманатын орындап бауырларымызбен Сарт би атамызға белгі тас қойдық. Қазан айының соңында Қызылорда, Тараз, Алматы, Астана, Қарағанды, Жезкенттен жиналған ағайын-туысқа, құда-жекжатқа әкемнен тараған ұрпақтар, немере-шөбере болып ас бердік. Қазір ғылым мен техниканың дамыған кезі, өзім басымнан өткізгесін айтып отырмын. Ол кезде қазіргідей қалта телефон да жоқ. Шәкең сол кезде сондай үлкен шаруаны ақ жигулиімен шапқылап жүріп атқарды. Не деген қайсарлық, жігерлілік! Ұйымдастырудағы қабілеттіліктің жоғары екендігінің дәлелі. Ел арасындағы ел боламын деген азаматтарға үлгі-өнегесі, салып кеткен жолы деп білемін. «Нағашым менің Дәуітбай, Биіктігі трубасы биік зауыттай, Беріктігі батырлар киген сауыттай», – деп жыр шумағына Тілеулі батырдың жиені екенін қосып кетті. Сол батырға тән қайсарлық, айтарын бетке айтып салуы мен қайран қалатын мінезі еді.

«Ахмет ишанның атын мешітке алып беремін», – деп жергілікті имамдармен арасы ашылып қалды. «Сендей имамның отызын Орынбордан, қырқын Қырымнан әкелемін», дейтін сонда. Шәкеңнің бір арманы, халқыма дініміз оралса, Ахмет ишанның ұрпағы мешіт салсақ, қор жинасақ балаларымызды діни сауаттандыруды қолға алсақ деп ауқымды істерді бастап, қолға алған шақта өмірден өтіп кетті. Бұл арманының бір бөлегін бауырлары Мұхамбетрахым, Файзолла, Серік, Амантай Мамаховтар Жезқазған қаласындағы мешітке қосымша қаржы жинап құрылыс жүргізіп «Ахмет ишан» атауын алып, шаруаны іске асырды. Міне, артыңда аталы сөз қалса, оны жалғастыратын інілер болса, сол ақынды өлді деуге бола ма?
Марқұм Шәкеңнің соңғы кездердегі жыр-шумақтары қоштасу, қимастық сезімге толы болды. «Тынымсыз шақ» толғауында өзінің бұл дүниеден өтерін анық сездіріп тұрғандай еді. Жүрек сезді, сонда да мойымай соңғы демі жеткенше Сырға, Қырға барып, сұлу Көкшемен де, Шығыс-Батыспен де айнала қоштасқандай аралап келіп, «Апа-ау, әлі бітіретін шаруа көп, сосын дем аламын» – деуші еді, анам Ұлтуғанға.

Ата-анамның қолында қара шаңырақты ұстап отырғандықтан да әкем мен анамның туыс-туғандарының да қуанышына, қаза болған ағайынға қолқабыс тигізіп, сеніп тапсырса басшы болған кездерде орынды жерде Шәкеңнің шумақтарын айтып естеріне салып қоямын.

«Сөйле тілім алаңдама тартынба,
Назағайдай шындықты айтып жарқылда.
Қалай ғана өмір сүрдім дей алам
Бір ауыз сөз қалмаған соң халқымда» – деп басталатын «Шындық» толғауы Шәкеңді биік тұғырдан көрсетті. Қылышынан қаны тамып тұрған қызыл империяның кезінде ұлы ұлтқа, Қытайға абайлап қарауды ашық жырлады. Не деген батылдық пен батырлық! Көрегендік!

Басқа ұлт демекші, бәріне топырақ шаша бермейік, ағайын, Шәкеңді жерлеу рәсімінде «Қазақмыс» корпорация басшысы Р.Б.Юн: «Байқоңыр» кинотеатрын қайта жөндеуден өткеріп, өнердегі ерен еңбегі үшін «Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер Сарайы», деп атау беруге уәде етіп, оны орындады. Шәкеңнің көзі кеткенмен елдің есінде мәңгі қалатындай ескерткіш болды. Абай, Мұқтар, Мұқағали және Төлеген Айбергеновтердің шығармаларын өнеге тұтқан Шәкеңнің өнері мен өмірі бізге – ұрпаққа өнеге болып қалды.

Әбулайс Түсіпбекұлы.
07.11.2015 жыл.

Комментарии закрыты.