Журналдың арнайы саны кеншілерге арналды

Кеншілер мерекесі қарсаңында қаламыздағы Шынболат Ділдебаев атындағы мұражайда «Ұлытау және ұлт» тарихи-танымдық, көркем-әдеби журналының кеншілерге арналған арнайы санының тұсаукесері болып өтті. Оған аймағымыздағы ардагер кеншілер қатысты.

«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің тапсырысы бойынша шығарылған бұл арнайы санға Жезқазған өндірісінің бастауында тұрған тұлғалар мен қара жердің қойнынан кен қопарған ардагер кеншілердің өмір жолдары арқау болған.
– Өздерінің еселі еңбегімен кейінгі буынға үлгі болған, бүгінде арамызда жоқ ардақтыларымыздың есімдері ел жадынан өшіп барады. Олар жайлы газеттер жазып жатыр, әрине. Бірақ, ол жазылғандар сол газет тігіндісімен бірге мұрағаттарда шаң басып жатады. Осыны ескеріп біз «Ұлытау және ұлт» журналы арқылы ардагерлеріміздің еңбектері мен өмір жолдары жайлы жазуды жөн көрдік. Бұған дейін арнайы сан металлургтер мен байытушыларымызға арналып еді. Ендігі кезекті кеншілерге бердік. Бұл іс алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Біз өзіміздің еңбек ерлеріміздің есімін осылай жаңғыртып отырамыз, – дейді «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Толқынбек Нұрмағанбетов журналдың тұсаукесерінде сөйлеген сөзінде.
Салтанатта, сондай-ақ, Сәтбаев қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы, байырғы кенші Шермұханбет Байбосынов, көптеген кеніштердің керегесін өз қолымен керген, «басшылардың басшысы» атанған Әмірбек Шегірбаев, екі ғасырлық кеншілік еңбек өтілі бар Жарасбаевтар әулетінің ата кәсібін жалғастырушы Әлияр Жарасбаев сөз сөйлеп, журнал ұжымы мен оған демеушілік көрсетіп, аталар есімін жаңғыртуға мұрындық болған Ардагерлер кеңесіне алғыс сезімдерін білдірді.
Бұдан соң сөз журналдың директоры Батырбек Мырзабеков пен бас редакторы Сара Смағұлға берілді.
– Ұлытау-Жезқазған өңірі – ықылым заманнан өндіріс ошағы болған мекен. Оны кешегі кеңестік заманнан ғана бастау алған деп түсіну қате. Сондықтан да біз өз журналымызда қазыналы өлкенің арғы-бергі тарихын тамтұмдап болса да жазуды мақсат еттік. Сол үшін де осындай арнайы сандар шығарып тұрмақпыз, – дейді журналдың бас редакторы Сара Смағұл өз сөзін түйіндей келіп.
Салтанатта Ш.Байбосынов пен Ә.Шегірбаев журналдың тұсауын кесіп, жиналған жұртшылыққа арнайы сан таратылды.

Ізтай Белгібайұлы.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.