Дала өрті өршіп тұр

Үстіміздегі аптада Ұлытау ауданы дала өртімен күресті, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі.

20 тамызда Амангелді селолық округінде құрғап тұрған шөп жанып, 41 гектар жер қара күйеге айналды. Дәл сол күні Жангелді селолық округінде 45 гектар жер жанып кетті. 22 тамызда Ақтас ауылынан 35 шақырым жерде өрт шықты. Жалын елді мекендерде өртке қарсы құрылған еріктілер жасағының күшімен сөндірілді. Жанып жатқан жерге жетудің қиындығы, аптапты, әрі құрғақ ауа райы, сондай-ақ, жел екпіні өрт сөндіруге көп кедергі келтірді.
Ұлытау далалық алқабындағы өртті сөндіруге Қарағанды облысы ТЖД «Өрт сөндіру және апаттан құтқару қызметінің» жеке құрамындағы 28 адам, 4 бірлік техника, сондай-ақ 79 жергілікті тұрғын 17 техникамен қатысты. Ортақ күшпен қызыл жалын ауыздықталды.
22-ші тамызда Қарағанды облысының аумағында 345 өрт сөндірілді. Биылғы жаз аса аптапты болып, күннің ыстығы 48 градусқа дейін көтерілді, бұл былтырғы жылдан (2016ж – 26,5 градус) 1,8 есе жоғары. Жауын-шашын да былтырғы мөлшерден 3 есе аз түсті. Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындарына өрт қауіпсіздігі шараларын сақтауды ескертеді. Өрттен абай болыңыздар!

Комментарии закрыты.