Қарағанды облысының Мәдениет күндері өтті

Астанадағы «Қазанат» ипподромының аумағында орналасқан этноауылда ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрме шеңберінде Қарағанды облысының Мәдениет күндерінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Қарағандылықтар елорда тұрғындары мен қонақтарына ауқымды бағдарлама әзірледі. Олар сурет көрмесін және шеберлердің қолөнер тундыларын алып келді, театр және музыка шығармашылығы ұсынылды. Сонымен қатар, спортшылар да өнер көрсетіп, ұлттық ойындар және ат полосы бойынша үлгілі көріністер ұйымдастырылды.

Шараға ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Президенттің жақтастары, қоғам қайраткерлері қатысты. Қонақтар арасында Тоқтар Әубәкіров, Мұқтар Алтынбаев, Мақпал Жүнісова, Серік Сәпиев сынды танымал қарағандылықтар да болды.

– 200 мыңнан астам қарағандылықтар ЭКСПО-ға келіп қайтты. Және де бүгінгі біздің делегациямыз 1 400 адамнан асады. Арамызда танымал әртістер, суретшілер, қолөнер шеберлері, спортшылар бар. Қарағанды облысының Мәдениет күндерінде Астана алаңдарында біздің шеберлеріміз өнер көрсетеді, – деді Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов ашылу салтанатында.

6-шы қыркүйекте ЭКСПО аумағында гала-концерт өтті. Қарағандылық әртістермен бірге бір сахнада әйгілі жерлестеріміз, Қазақстанның эстрада жұлдыздары – Қарақат Әбілдина, Ерлан Көкеев және «К-7» тобы, Жәмиля Баспақова, Болат Құсайынов, «Ұлытау» тобы, Қыдырәлі Болманов, Роман Ким, «Арнау» тобы, Нұржан Керменбаев, «Формат» тобы, Жан Тапин және тағы басқалар өнер көрсетті.
Қарағандылықтар Этноауыл аумағында бауырсақ және қымыз фестивалін ұйымдастырды.

Театрландырылған көріністе әртістер өткенге оралды. Көрермендерге Қоянды жәрмеңкесінен көрініс қатты ұнады. Сонымен қатар, «Өнер көзі – халықта» атты фольклорлық бағдарлама ұсынылды.

Комментарии закрыты.