Аманат алға жетелейді

Қуаныш Ахметовпен сырттай таныстығымыз 1997 жылдары басталған еді, оның өзі тарихи оқиғалардың аясында болған болатын.

Аты Сырға да, Арқаға да белгілі қабырғалы қайраткер атамыз Уәйіс Байжанұлының үлкен ұлы Шауыпкел ұрпағынан тарайтын ініміз Болат Ерғазыұлы Наурызбаев Жезқазғанның «Сарыарқа» газетінің 15 сәуірінде «Уәйіс батыр» атты тарихи материалды жарыққа шығарды.
Кеңестік дәуірдің зардабы мен зобалаңынан үркіп айта алмай жүргендерімізді, үлкендерден естігендерімізді Болаттың қолмен қойғандай қылып жазып шыққанына риза болып, тәуба қылдық.
Шамалы уақыттан соң тура осы газет бетінде Қуаныш Ахметов жарияланған мақаланы жалпы құптағанымен, сындарлы пікірлерін айта отырып, Уәйіс Байжанұлы туралы тарихи деректердің жеткілікті екендігін және алдағы жұмыстарды соның аясында орындау қажет екенін айтқан еді.
Міне осы уақыттан бастап, Қуаныштың шығармашылық жұмыстарына бет бұрдым, оның тек қана ақын-жазушы емес, нағыз тарихшы екендігіне көзім жете бастады.
Түркі халықтарының кешегі тарихын Арқа өңірі тұлғалары арқылы жалғастырып, соқырға таяқ ұстатқандай жасаған еңбегі бұған дейін ешуақытта қолға алынбаған тың тақырыптар екеніне көзім жетті, сонымен қатар, оны ерекше шығармашылық жолмен жеткізуі қайталанбайтын ұлан-асыр еңбек еді.
Жезқазған қаласында кезекті бір ғылыми іс-шарадан соң Қуаныш Ахметовті ағам Әлжаппар Әбірезов және жиеніміз Байзақ Әлмағанбетовпен бірге үйге шақырып, қонақасын беріп біраз тарихи, ғылыми, саяси тақырыптарды ортаға салдық.
Содан кейінгі кездесу 2007 жылдың жаз айының жаймашуақ күндерінің «шыбынсыз жаз» қыркүйек айының салқын самалды уақытына ауысқан кездерінде болды.
Көптен бepi ойда жүрген көзге түспеген, өлеңдерін жазба түрінде қалдырмаған, қазақтың ауыз әдебиетінің сырлы сарынын бізге жеткізуші, ақын Нұртаза Айранбайұлы туралы «Нұртаза ақын» деген атпен жepгiлiктi «Мысты өңір» газетінде мақалам жарық көрген еді. Сол нөмірде Қуаныш Ахметовтің де «Тарих тұғырындағы әулет» атты шығармасы қатар шыққан-ды.
Газет қолына тиісімен Қуаныш Ахметов маған телефон шалып: «Сәттібек, сенің мақалаңды оқыдым, өткен жолғы «пікірімді сенің жалғастырғаның жөн деп отырмын, өзім қолымнан келген көмeгiмдi аямаймын» – деген-ді…
Ол қандай «пікір» еді? есіме түсіре келсем Жезді, Ұлытау аудандарының құрметті азаматы, өлкетанушы «Мәкен Төрегелдиннің мәдени мұрасы» атты ғылыми конференцияда кездескенімізде әңгіме арасында өзінің шығармашылық жұмыстарынан хабар бере отырып, осы уақытқа дейін Ұлытау, Жезқазған өңірлерінің тарихи тұлғалары туралы толғанып, оларға орынды ескерткіштер қалдыру мақсатында кітаптар, тарихи және әдеби шығармалар жазу керектігіне тоқталған болатын.
Ол өз пікірінде оларды еске түcipyгe арналып өткізіліп жүрген әртүрлі астар, ақындар айтысы, ескерткіш-тақталардың аздық ететіндігі жайлы айта келіп, сенің де арғы бабаң – Уәйіс Байжанұлы – қабырғалы қоғам қайраткері, ол жөнінде архив материалдары, естеліктер, дастандар, шығармалар жеткілікті. Соларды қолға алып қорытындыласаң, тәп-тәyip еңбекті дүниеге келтіруге болады деген еді. Жоғарыда айтылған «пікір» де осы болатын. Сонымен қатар, ардақты ақсақалдарымыздың бipi Тұрмұханбет Ысмағұловтың «Шұбар тулы Жаулыбай батыр» жөніндегі еңбегін үлгілікке қолыма ұсынды.
Әңгіме арғы атам, атағы Сырға да, Қырға да мәлім, заманында «Уәйіс ер қара қылды қақ жарғандай» деп жырланған Уәйіс Байжанұлы туралы болған соң, айтылған пікір аманатқа айналды. Ұлытау өңіріне, Бағаналы тайпасына байланысты тарихи кұжаттарды көтеріп, әдеби шығармаларды, дастандарды, еліміздің зиялы қауымы еңбектерін ақтаруға уақытты аямадым.
Сонымен, 2008 жылдың аязды қаңтар айының соңғы күндерінде жиған-тергенімді рухани ұстазым Қуаныш Ахметовке көрсетіп алудың peті келді. Ол тура осы уақытта Жезқазғанның Аймақтық ауруханасында емделіп жатқан болатын, бірақ, уақыт тауып, жазылған еңбекті ерінбей түгел оқып шығып, ризашылық бағасын білдіріп, біраз архивтік материалдарды қолыма ұстата отырып, кітап атын «Уәйіс би, Уәйіс батыр, Уәйіс болыс…» деп атағаның жөн шығар деп ағалық пікірін берді. Содан соң Жезқазғаннан Елордаға аттанып тұрып, сонда жетісімен кітапқа алғысөз жазуға кірісетінін және оған Ақселеу Сейдімбекке немесе Қойшығара Салғаринге ұсынып, қолдауын алатынын білдірді.
Осыдан соң үш күн өтпей жатып «Куаныш Ахметов қайтыс болыпты» деген қайғылы хабардың кyәci болуымызға тура келді. Бұдан соң ол туралы айтарымызды «марқұм» деп айтудың өзі қиын болды. Keйбір тарауларға түзетулер енгізгім келсе де, қаламым орнынан қозғалмай қойды. Дегенмен, аманат жүгінің ауырлығы Астана қаласында марқұм Қуаныш Ахметовті актық сапарға шығарып салу кезіндегі қаралы митингідегі абзал ағаларымыз Кәкімбек Салықов, Ақселеу Сейдімбектің тебіреністерінен кейін ғана жеңілдене бастағандай болды.
Кәкімбек аға өз сөзінде «Қуаныштың Ырғыз өңірінің азаматы екенін біріміз білсек, біріміз білмейді екенбіз, оның жүрегі тек қана Ұлытау деп қана соққандай, сондықтан, қасиетті Ұлытауға жерленсе де болатын еді» деп толғанса, Ақселеу Сейдімбек «Қаныш Сәтбаев бар өмірін Ұлытау өңірінің жерасты байлығын халық игілігіне жұмсауға тер төксе, Әлкей Марғұлан осы өңірдің тарихына қатысты жәдігерлерді жер астынан үстіне шығарса, Қуаныш Ахметов өз кезегінде басқа қабілеттерін айтпағанда, кеншілік пен тарихшылықты тепе-тең алып жүріп, Ұлытау туралы ғалымдарымыздың еңбектерін жаңа сатыға көтергендей ерлік жасады» деген толғаныстары тамырыма қан жүгіртіп, Қуаныштың аманатын жалғастыруға білек түріп кірісуіме игі әсер етті.
Бұдан соң Қуаныштың ақтық сапарға шығарып салу іс-шарасында рухани досы әрі шығармашылық әріптесі «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабеков қоштасып тұрып, өз сөзінде Қуаныш Ахметов еңбектерінің жинағын шығаруды баспа ұжымы өз мойындарына алатынын жеткізгенде сол жердегі шараға қатысушы азаматтардың барлығы үлкен ризашылығын білдіргендері есімде қалды.
Кейін 2008 жылдың көктемінде Алматы қаласына жол тартып Қуаныштың «аманаты», «Уәйіс би, Уәйіс батыр, Уәйіс болыс…» атымен филология ғылымдарының докторы Мұхамедрахым Жар­мұхамедұлының алғы сөзімен жарыққа шығарып, ғылыми айналымға түсіргеніме де сегіз жыл, яғни асыл ағаны жоғалтқанымызға да осындай уақыт болып қалыпты…
Құрметті Мұхамедрахым ағамыз осы кітаптың жазылуына байланысты былай деген еді: «Ұлттың ұясы Ұлытау өңірінде танымал жазушы, белгілі аудармашы Қуаныш Ахметовтің бастауымен Кетбұғы, Кербалақ атты Ер Шоштан, Бағаналы Барлыбай хан, Төлек батыр, ұлысқа ұран болған ер Сандыбай, Ерден Сандыбайұлы, Бағаналының тұңғыш болысы Уәйіс Байжанұлы, Бағаналы Бабыр, Ceгіз cepi сүйген сұлулар, Алаша хан, Жошы хан, құдірет иeci Қойлыбай, Жаулыбай батыр, Құтан әулие, Аманбай Тоқанұлы, Мейрам Жанайдарұлы сияқты топ жарған тұлғалар туралы жаңа дүниелер жарыққа шықты.Ұлытау азаматтарының өздерінің тарихының тереңіне үңіліп, келешек ұрпақ үшін әдеби, тарихи шығармалардан ескерткіштер қалдыруды мақсат еткені қазақ халқы үшін игілікті істердің бipi деп бағалағанын да, айта кеткім келеді.
Өткен жылы «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабековтің басшылығымен «Фолиант» баспасы Қуаныш Ахметовтің туғанына 70 жыл толуына байланысты игі іс-шара ұйымдастырады, естелік кітап жазады, арнайы іс-шаралар аясында көрме ұйымдастырады, соған мақала беріңіз деп Қуат Құрмансейітов інім айтқанда «марқұм» деп айтуға қимайтын ағам көз алдыма келіп, рухани досым Қуаныштың «аманат» деп аталатын жүгін арқалауымыз қажет екенін түсіне отырып, өз естелігімді ұсынуды қолға алдым.
Соңынан қазан-қараша айларында Қуаттың құрастыруымен Қуаныш Ахметов туралы «Ұлытау жыршысы» деген атпен жарыққа шыққан кітаптың іс-шарасы Астананың көрме залында өткенде Ұлытау-Жезқазған өңірінен мен ғана қатысып сөз сөйледім.
«Осымен бітті ме?» деген ұйымдастырушыларға қойған сауалыма «Қуаныш Ахметовке байланысты іс-шараны біз бастаушы ғанамыз, оның жалғасы Қазақстанның барлық жерінде, әсіресе оның жырлап өткен Ұлы өңір – Ұлытауда және Сәтбаев-Жезқазған қалаларында жалғасын табады деген сенімдеміз» деген жауабына қанағаттана отырып, Сіздерге осы «Аманат алға жетелейді» деген кестелі ойымды жеткізуге тырыстым.

Сәттібек Қорғанбеков.
Астана қаласы.

Комментарии закрыты.