Құрбан айт мерекесі ерекше аталып өтті

Қасиетті Құрбан айт мейрамы – ислам дініндегі ең ұлық мерекелердің бірі. Барша мұсылман әлемі осы мерекені барынша сән-салтанатымен атап өтуге тырысады.  Биыл Сәтбаев қаласының жұртшылығы да Құрбан айтты ерекше атап өтті…

Құрбан айт күні Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы мешітке таң намазынан бастап жамағат келе бастады. Айт мерекесі Қасиетті Құран Кәрім аяттарымен басталып, имам Қоңдыбай қажы Әкбаров жиналған жамағатты Құрбан айт мерекесімен құттықтап, уағыз-насихат айтты.

Намаздан соң Сәтбаев қаласының дін сұрақтары бойынша ақпарат және кеңес беру орталығы мен Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің ұйытқы болуымен жамағатқа айт шәйі берілді. Осы шара барысында бас имам Қоңдыбай қажы Серікбайұлы дәстүрлі дінімізді насихаттау мен жастардың оң жолдан адаспауына мұрындық болып жүрген мешіт жамағатының бір топ белсенді мүшелерін Алғыс хатпен марапаттап, ескерткіш сыйлықтар табыс етті.

Бұдан соң құрбан шалу рәсімі басталды. Бұл күні құрбандық шалуға ниет білдіріп келген қала тұрғындары қатары мол болды. Шалынған малдардың етін мешіт қызметкерлері жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларға тізім бойынша таратып, мерекелерімен құттықтады.

Мешіт ауласында қол күресі, гір тасын көтеру, арқан тарту сынды спорттық ойындармен қатар, қой көтеруден де күш сынасу болды. Қаламызда Құрбан айт мерекесін атап өтудегі ерекшеліктердің бірінің өзі осы қой көтеру сайысы еді. Сондай-ақ, бұл күні мешіт ауласына батут құрылып, балалар күн ұзақ батутта тегін секірді. Орайы келгенде айта кетейін, батутты жеке кәсіпкер Ю.Пронин әкеліп орнатты.
Спорттық ойындар мен күш сынасуларға қала жастары белсене қатысты. 18 жасқа дейінгі бозбалалар 16 келі гір тасын көтеріп, бақ сынасса, 18-ден жоғарылар 24 келіні көтерді. Осы екі күш сынасуда да Абылайхан Қазкенов деген азамат өзгелерден басым түсті. Ол 16 келіні 72 рет, 24 келіні 54 рет көтерді.
Жұрттың қызыға тамашалап, делебені қоздырғаны қой көтеру сайысы болды. Бұған қатысып, бақтарын сынау үшін Жезқазған қаласынан да жастар көптеп келді. Ә дегенде жезқазғандықтардың бәсі жоғары болған еді. Қайрат деген азамат қойды 101 рет көтеріп, оқ бойы озып кеткен болатын. Намысты қолдан бергісі келмеген сәтбаевтықтар белдерін буа кірісті. Весовая кентінің тұрғыны Немат деген азамат 112 рет көтеріп, рекордты жаңғыртса, кенші, спортшы жерлесіміз Қайрат Есқалиев 130 рет көтеріп ешкімді де шаңына ілестірмей, қойды қанжығасына байлады. Шарт бойынша қой кім көп көтерсе, соның олжасы болатын.

Құрбан айт мерекесінің ерекшеліктері бір мұнымен шектелген жоқ. Бұл күні мешіт ауласына кигіз үй тігіліп, қала жұртшылығына кешке дейін айт шайы берілді. Сол сияқты таңғы сағат 7.00-ден 11.00-ге дейін қалаішілік автобустар жолаушыларды тегін тасымалдады.

Ізтай Белгібайұлы.
Сурет түсірген автор.

Комментарии закрыты.