Әйел затын аяла – ол сенің өмірлік серігің

Ел өміріндегі өзекті мәселелердің бірі – отбасылық зорлық-зомбылық. Қалыпты өмір ырғағын бұзатын мұндай жағымсыз әрекеттерге заңмен тосқауыл қойылатынын әркімнің білуі маңызды.

Заң төңірегінде айтар болсақ Қазақстан Республикасы  конституциясының   14 бабында заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең, тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайтындығы айқын көрсетілген. Алайда, қазіргі қоғамда бұған керіғар әрекеттердің бар екені де жасырын емес. Ең өкініштісі, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа нәзік жандарымыз көбірек ұшырайды.

Сараптама қорытындысына  қарағанда әйелдерге қарсы жасалған  қылмыстардың  болуына  басты себеп отбасындағы жанжал, тұрмыс келеңсіздігі, ер азаматтардың ішімдікке әуестігі, бір-бірін жек көрушілік, зәбір көрушіні адамсынбау – кемсіту, күш және қоқан-лоқы көрсету, әйел азаматшалардың ер адам алдында дәрменсіздігі, күн көріс қиындығы, т.б. Осылармен қоса тағы бір негізгі себеп зардап шегуші әйелдің сезіктімен бірге спирттік ішімдік ішуі, өзін кез-келген ортада еркін және ашық ұстауы себеп болады.

Барлық жасалған қылмыстарға талдау жасалғанда тағы бір анықталғаны алаяқтардың алдауына орта жастағы әйелдер, ал бұзақылық пен зорлыққа, әр түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алып зәбір көрушілікке жас қыздар мен келіншектер ұшырайды. Күн сайын дерлік әр түрлі дәрежедегі денсаулыққа зиян келтіру оқиғалары болып тұрады. Бұл қылмыстың түрі  негізінен  тұрмысы нашар, заңсыз бірге тұратын ер мен әйел адамдар арасында, спиртті ішімдікті асыра ішетін отбасы орталарында болады. Тура осы жағдайлар жанұя мүшелерінің айрылысуына, оларды ата-ана құқығынан айыруға, сәтсіз жан-ұялардың көбеюіне, балалар мен жасөспірімдер қылмыстарының өрбуіне әкеп соғады.

Кейбір ата-аналар бала тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлмей, баланың бос уақытын қайда және кіммен өткізетінін, өзін бөтен адамдармен, таныс емес ортада қалай ұстау керектігі жөнінде алдын-алу, сақтық шаралары туралы әңгіме өткізбейді.

Әйелдерге қатысты жасалатын қылмыстар мен құқықбұзушылықтарды болдырмай, ескерту, алдын алу мақсатында, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жасауға бейімді адамдармен жеке профилактикалық жұмысты жүзеге асыруға бағытталған жүйені қалыптастыру және әйелдердің өздерінің құқықтық білімін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы халықты сауаттандыру қажет.

Қай халық болмасын әйел затына ықыласпен қараған. Қазақ халқында әйелдің орны ерекше, ана деп құрметтеп, қарындас деп еркелетіп отырған. Ер азаматтың тірегі, қамқоршысы болған әйелдер – қамыққанда сүйеу, тарыққанда тіреу, қам көңілге жұбаныш бола білген. Ер азаматтарымызға отбасының ұйытқысы, берекесі, қамқоршысы әйел затын аялайық дегім келеді. Ал, әйел азаматшаларға айтарым Сіздер, бұдан да жақсы өмір сүруге, бақытты ана, сүйікті жар болуға лайықсыздар. Егер, құқықтық психологиялық көмекті қажет етсеңіздер, қамығып іштен тынбай, құқық қорғау органдарының көмегіне жүгініңіздер демекпін.

С.Бухарова, Ұлытау аудандық соты кеңсе меңгерушісінің м.а.

Комментарии закрыты.