Фестиваль аясындағы басқосу

«Денсаулық фестивалі – 2017» республикалық кең ауқымды акциясын өткізуге байланысты қалалық емханада мемлекеттік мекеме басшыларының, «Нұр Отан» партиясы мен жастар ресурстық орталығы өкілдерінің, медицина саласы мамандарының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру қызметінің 20 жылдығына арналған бұл фестивальдің мақсаты халықты дене белсенділігімен, спортпен шұғылдануға насихаттау, зиянды әдеттерден бас тартуға дәріптеу және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау болып табылады.

Баспасөз мәслихатын ашып, жүргізген аурудың алдын алу және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі Мағзұм Қожахметов аталмыш фестивальді өткізудің маңыздылығына тоқталды.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы Жолдауларында мемлекеттің қауіпсіздігіне, халықтың өсіп-өркендеуіне және әл-ауқатының артуына, салауатты өмір салтын дамытуға баса назар аударады. Осы бағытта қаламыздағы медицина мекемелерінің қызметкерлері аянбай қызмет етуде. Спортпен айналысу, дұрыс тамақтану, жүйелі профилактикалық тексерістен өту – аурудың алдын алудың негізі. Әрбір қазақстандық өз денсаулығының қамын ойлауы, белсенді өмір салтын ұстануы қажет. Жеткіліксіз дене белсенділігі әлемдегі өлім-жітімнің басты факторларының бірі болып табылады және оның деңгейі барлық елдерде өсіп, әлем бойынша жалпы денсаулыққа әсер етуде. Адамдардың спортпен айналысуы күннен-күнге азайып барады. Әлемде ересектердің 23%-ы және жасөспірімдердің 81%-ы дене белсенділігінің жеткіліксіздігін көруде. Сол себептен жылдағы дәстүр бойынша өткізілетін «Денсаулық фестивалінің» салауатты өмір салтын ұстануға халықтың назарын аудару мақсатында атқарар рөлі зор, – деді Мағзұм Омарұлы.
Одан әрі «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев және әкім аппараты әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Гүлмира Таңсықбаева денсаулық мерекесіне қатысты ой-пікірлерімен бөлісіп, фестиваль аясында өткізілетін іс-шаралардың жоспарымен таныстырды. Сонымен қатар, «Лекерова», «Ахметова» ЖШС-терінің басшылары да өз тарапынан денсаулық фестиваліне қандай қызметтерін ұсынатындықтарын айтты.

Президентіміз Н.Назарбаев «Мемлекетіміздің басты бай­лығы – ұрпақ саулығы» деген болатын. Бұқаралық спортпен айналысатын қазақ­стандықтардың санын арттыру үшін қазіргі таңда еліміз бойынша түрлі үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, жарыстар, спорттық және мәдени-сауықтыру іс-шаралары ұйымдастырылуда. Солардың бірі – денсаулық фестивалі. Биыл ол «Біздің денсаулығымыз – өз қолымызда!» атты ұран­мен өткізілді. Бұл күні шы­ғармашылық ұжымдар көр­сететін концерттік бағ­дар­ламамен қоса, бірқатар спорттық сайыстар да өтеді. Сондықтан барлық қала тұрғындары осы науқанға белсене қатысуы тиіс.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.