«Тіл – татулық тірегі»

Дәл осындай атаумен Кеншілер сарайының алаңында мерекелік кеш өткізілді. Мектеп оқушылары мен қала қонақтары жиналған шарада қаланың өнерпаз жастары өнер көрсетті.

Қыркүйектің үшінші жексенбісі – Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері күні. Ұлт пен ұлыстың тоғысқан жерінде бейбіт өмір болуы қашанда заңдылық. Ендеше, бұл мереке барынша сән-салтанатымен аталып өтуі тиіс. Бұл тұрғыда кешті ұйымдастырған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі еш аянып қалмады. Ұштұғырлы тілдің бүгінгі қоғамдағы көрінісі ретінде шараның үш тілде жүргізілуі де соның айғағы. Елімізде ғана тойланатын бұл мерекемен құттықтауға қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина да келді.

– Тіл – бейбітшілік пен келісім орнатудың өте қажет құралы. Елімізде жүргізіліп отырған тіл саясатының өркендеуіне сол серпін берсе керек. Мұндай мерекенің тек біздің елімізде тойлануы халықтардың өзара ынтымақтастығының көрінісі. Барлықтарыңызды құттықтаймын, – деді Айгүл Қосманқызы.

Құттықтаудан кейін тіл саясатының дамуына кеңінен үлес қосып келе жатқан бірқатар ұжымдарға Сәтбаев қаласы әкімінің Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтар табысталды. «Шарайна» газеті, орталық аурухана, қалалық емхана, СТА телеарнасы, Әділет басқармасы және білім бөлімі марапат төрінен көрінді.

Мерекелік кеш барысында қала өнерпаздары өнерлерін ортаға салды. Жиналғандарды әуезді ән мен күмбірлеген күйге бөледі.

Нұрлат Қонысбай

Комментарии закрыты.