Ұлт денсаулығы – табысты болашақ негізі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы Жолдауында қазақстандықтардың денсаулығын қорғауға ерекше тоқталып, нақты міндеттер қоюда. Осы тапсырмалардың орындалуы халқымыздың салауатты өмір салтын ұстануына, өмір жасының ұзаруына ықпал етері сөзсіз. Біздің қаламызда да тұрғындардың денсаулығын сақтау бағытында ауқымды іс-шаралар атқарылып тұрады. Осы жұмыстар жөнінде толығырақ ақпарат алу үшін Сәтбаев қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Зухраб Даумбаевпен кездескен едік.

– Зухраб Жұмабекұлы, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында жыл басынан бері қандай істер атқарылды және бұл жұмыстар кімдер арқылы жүзеге асуда?

– Салауатты өмір салтын қалыптастыру 1998 жылдан бастап еліміздің барлық өңірлерінде қолға алына бастады. Сәтбаев қаласында бүгінгі күні екі спорт ұйымы бар. Олар – Сәтбаев қаласының мамандандырылған Олимпиадалық резервтегі балалар-жасөспірімдер мектебі және «Қазақстан» спорттық-сауықтыру кешені. Халықтың спортпен шұғылдану көрсеткішінің деңгейін көтеру, тұрғындарды спорттық жарыстарға қатысуға және бұқаралық спортқа тарту мақсатында осы екі ұйым бірлесе отырып, спорттық-бұқаралық іс-шаралардың жоспары жасалды. Өткен 8 айда 86 спорттық шара өткізілді. Олардың арасында қаланың спорт тарихында із қалдырған 1999-2000 жж. және 2002-2003 жж. жасөспірімдер арасындағы академик Қ.И.Сәтбаевты еске алуға арналған дзюдодан халықаралық турнир, онда біздің палуандар ең жоғары деңгейде ойын көрсетті және командалық жарыста жүлделі І орынды жеңіп алды.

– Қала тұрғындарының спортқа деген белсенділігі қандай?

– Қала халқының 29%-ға жуығы жүйелі түрде спортпен айналысады. Бүгінде осы пайызды көтеруге жұмыс істеудеміз. Басты мақсатымыз – «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, дене белсенділігін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау.

– Қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіздер?

– Маусымның 15-17 күндері спорттық-сауықтыру кешенінде Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО – 2017» көрмесіне арналған «Дені сау әйел – дені сау ұлт» атты VII облыстық әйелдер спартакиадасы өтті. Қарағанды облысының 17 қала мен аудандарынан 600-ге жуық спортшылар келіп, жарыс бағдарламасына сәйкес спорттың жеті түрінен бақтарын сынады. Біздің спортшыларымыз дартс спорт түрінен – ІІ, стритболдан ІІІ орындарға ие болды. Шілденің 6 мен тамыздың 20 аралығында қаламызда алғаш рет көше және аула командалары арасында шағын футболдан «Жазғы демалыс – 2017» қалалық ашық турнирі өтті. Турнир қаланың 6 шағын ауданында өтіп, жазғы демалыс уақытында қала аулаларының барлық балаларын қамтыды. Тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға, дене шынықтыру және спортпен айналысуға шақыру мақсатында Спорт күніне арналған дәстүрлі іс-шара өтті. Бұл күні Ш.Ділдебаев атындағы мәдениет сарайында өткен жылдың қорытындылары шығарылып, Сәтбаев қаласының үздік спортшылары 8 номинация бойынша 100 000, 50 000, 25 000 және 15 000 теңге көлеміндегі сыйақымен марапатталды. Сондай ақ, халық арасында салауатты өмір салтын насихаттауға және бұқаралық дене шынықтырудың дамуына қосқан жеке үлестері үшін қала әкімінің Алғыс хатын 15 сәтбаевтық иеленді.

– Балалар-жасөспірімдер мектебі мен спорттық-сауықтыру кешеніне толығырақ тоқталсаңыз.

 

 

 

 

 

 

 

– Сәтбаев қаласының мамандандырылғын Олимпиадалық резервтегі балалар-жасөспірімдер мектебінде спорттың 5 түрі дамыған: дзюдо, грек-рим күресі, бокс, каратэ-до кекушинкай және жеңіл атлетика. Мектепте 823 спортшы бар, оның 17 – спорт шеберіне үміткер, 4 – бірінші спорттық дәрежелі, 16 – бапкер-жаттықтырушы. Осы жылдар ішінде елеулі жетістіктерге қол жеткіздік, ең мықты спортшыларымыз әлемдік, халықаралық жарыстарда өнер көрсетуде. Сәтбаев құрама командасы жыл басынан бері 30 облыстық жарыстарға қатысты. Ал, «Қазақстан» спорттық-сауықтыру кешенінде 15 спорт түрі бар: футбол, бокс, жеңіл атлетика, үстел теннисі, шахмат, дойбы, армрестлинг, пауэрлифтинг, мәнерлеп сырғанау және т.б. «Қазақстан» СКК оқушылары Артем Грязев, Азамат Шакиров, Бахтияр Игибаев аймақтық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары болып жүр. Сәтбаев қаласында спорттың 16 олимпиадалық, 9 олимпиадалық емес түрі бар. Сонымен қатар, ерікті негізде тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, армрестлинг, пауэрлифтинг, қазақ күресі, стритбол, стритуоркаут, асық ату, самбо, жауынгерлік самбо, дартс, арқан тарту сияқты спорт түрлері жұмыс істейді. Жалпы спорт саласында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 90 маман қызмет атқарады, оның 83-і жоғары білімді. Спорт бөлімі мүмкіндігі шектеулі жандарды дене шынықтыру және спорттық іс-шараларға тартуға ерекше көңіл бөледі. Қала бойынша 4286 мүгедек болса, оның 2155-і жеңіл жұмыспен және спортпен шұғылданады. Сегіз айдың ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар арасында бекітілген жоспарға сәйкес 5 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 74 адам қатысты.
Салауатты өмір салты тек қана спортпен шұғылданумен шектелмейді. Зиянды әдеттерден аулақ болу, дұрыс тамақтану, жеке бастың гигиенасын сақтау, жұқпалы аурулардың алдын алу әркімнің дағдысына айналып, міндеті болуы керек. Елбасының сөзімен айтқанда, «Профилактикалық медицина – аурулардың алдын алудағы басты құралға айналуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады». Салауатты ұрпақпен ғана қуатты Қазақстанға айналамыз.

Сұхбаттасқан
Марал Шахаева.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.