Латын графикасын қолдайтындар көп

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге арналған Парламент жиынынан кейін жаңа әліпби жобасы әлеумет арасында қызу талқылауға түсті. Аталған графика негізінде біріңғай стандарт енгізу турасында өткен отырыста жаңа әліпбидің жобасы ұсынылған болатын. Бұл жаңашылдықты талқылау үшін біздің қаламызда «Қазақ жазуында латын әліпбиінің қажеттілігі» тақырыбындағы дөңгелек үстел өткізілді.

Отырыс қаламыздағы орталықтандырылған кітапхана қабырғасында өтті. Жиынға қатысқандардың дені мемлекеттік қызметшілерден, тіл мамандарынан, қоғам белсенділерінен құралған. Дөңгелек үстелдің мақсаты — латын әліпбиін енгізудің негізгі жолдарына көз жүгірту. Елдің бұл жаңашылдыққа қатысты пікір-лебіздерін білу.
Иә, қоғамда қызу талқыға түскен әліпбиді біздің белсенділер қос қолдап қолдайтындарын жеткізді отырыста. Алайда оның қалай жүзеге асырылатынын, қолданыс аясында біршама қиыншылықтар туындайтынына мән бермеген сыңайлы. Мінберге шыққан бірқатар мамандар мұның берері мен ел дамуына тигізер оң әсерін айтып жатты. Жаңа әліпби әлемдік өркениетке бастайтынын жеткізді.

Жиын кезінде сөз сөйлегендердің бірі — Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған Университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафдерасының меңгерушісі Света Саменова болды. Тіл маманы латын графикасын енгізу арқылы тілдік заңдылықтарды ретке келтіруге болатынын айтты.
— Елімізде кирил жүйесі енгізіле бастағанда қазақ әліпбиі, қазақ орфоэпиясы үлкен қиыншылықтарға ұшырады. Қазақ тілінде жоқ дыбыстардың дыбысталуынан жаңа ережелер бекітілді. Орыс тілінен енгізілген сөздерге жіңішкелік қосымша жалғанады. Бұлар сингармонизм ережесіне қайшы келеді. Әліпби өзгерген сайын орфографиялық нормалар өзгереді. Сөздің жазылу нормалары өзгереді. Кирил жүйесі туған тіліміздің нормаларын сақтауда ыңғайсыз – деді Света Нұртайқызы.

Маманның айтуынша, жаңа әліпбидің осы уақытқа дейін енгізілмеуі тарихи жағдайларға байланысты орын алған.

— Латын әрпі барлығымызға таныс, онымен шет тілдерді меңгеріп-ақ жүрміз. Алайда кейбір азаматтар қазаққа тән төл дыбыстарды дұрыс жазбайды. Бұл тіл заңдылығына өте-мөте қайшы келеді. Сондықтан өз тіліміздің төл дыбыстарын лайықтап алып, латынға көшуіміз заман талабы – дей келе, бұл жаңашылдықтың артықшылықтары мен кемшін тұстарын атап көрсетті.

— Латын әліпбиі тіл тазалығын сақтауға, әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақтармен жақындастыруға, түркі тілдерімен қарым-қатынасты арттыруға, ағылшын тілін үйренуге септігін тигізеді, бірақ мұны жүзеге асыру үшін бірқатар қиыншылықтар туындайтынын айтпаса да түсінікті. Оқулықтарды жылдам аудару мәселесі, қаражаттың молынан жұмсалуы кедергі келтіруі мүмкін – деді Света Саменова.

Қазақ тіліне тән төл дыбыстарды жазу турасында бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылған еді қоғамда. Бірі «Бір дыбыс-бір әріп» принципін негізге алғанды құп көрсе, бірі оған апострофты, яғни дәйекшемен берілгенді жөн санаған. Алайда осы отырыста жазылу үлгілері нақтылы талқыға салынған жоқ. Өкінішті-ақ…

Нұрлат Қонысбай.

Комментарии закрыты.