Көмір бағасына қатысты мәселе анықталады

Қарағанды облыстық әкімдігінде өткен аппараттық жиында жеке меншік тұтынушыларға арналған көмір бағасына қатысты мәселе талқыланды. Аймақ басшысы Ерлан Қошанов көмір өндіруші компаниялардың жетекшілерінен мәселенің мән-жайын сұрады. Ол өзінің орынбасарларына қара отынның бағасы қалай құралатынын егжей-тегжейлі анықтауды тапсырды.

– Халыққа қажетті көмірдің тапшылығына қатысты проблема бар, – деп көтерді мәселені Қаражал қаласының әкімі Тілектес Досаев. – «Жалын» халыққа қажетті көмірді шығармайды. Ал «Шұбаркөл» бағаны тоннасына 8 500 теңгеге дейін көтеріп жіберді. Камаз жүргізушілері көмір алу үшін екі-үш тәулік бойы кезекте тұрады.
Облыс әкімі бұл мәселеге байланысты «Шұбаркөл көмір» АҚ өкілінен жауап сұрады.
– Біз көмірімізді келісімшарт жасасқан мекемелерге бір тоннасын 4 502 теңгеден, қосымша салық құнысыз сатамыз. 8 500 теңге – ол делдал сатушылар болар. Оны жергілікті жерде шешу керек. Біз келісімшарты бар тұтынушыларға сатамыз, – деп түсіндірді сату бөлімінің бастығы Инна Горяинова.
Қаражалдың әкімі өз айтқанында тұрды. Оның айтуынша, қарапайым тұрғындар үшін бір тоннасына 4 502 теңге қолжетімсіз болып тұр. Ондай келісімшарттар тек ірі кәсіпорындармен жасалған. Бұл мәселеде нақты нүкте қойылмаған.
Ерлан Қошанов басқа да көмір өнеркәсіптерінің өкілдерімен әңгімелесті. Берілген жауаптарға сүйенсек, баға 3 000 теңгеден 8 000 теңгеге дейін жетеді.
Аймақ басшысы өзінің орынбасарларына қысқа мерзімде қатты отынның бағасын қалыптастыруға байланысты мәселені шешуді тапсырды.

Комментарии закрыты.