Жолыңа қара, жүргінші!

Қаламызда соңғы 8 айда 24 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Онда 29 адам жарақат алып, 5 адам қайтыс болған. Бұл қалалық жергілікті полиция қызметінің ақпараты.

Жол полициясы қызметкерлерінің айтуынша, бұл оқиғалар жүргізушінің де жүргіншінің де кінәсінен орын алған. Жасыратыны жоқ, көлік жүргізушілердің көбінің жол жүру ережелері мен жол белгілерін білу деңгейі төмен. Мұнда жаяу жүргіншілердің де үлес салмағы артпаса кемімейді. Оған жергілікті полиция қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен рейд барысында көз жеткіздік.

Тексеріс жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік апаттарының алдын алуға бағытталды. Келісілген уақытта, келісілген жерге барып, қаладағы жол көлік қозғалысын жол-патрульдік полиция қызметкерлерімен бақыладық. Алдымен Сәтбаев даңғылындағы қозғалысқа көз жүгірттік. Көргеніміз көңіл көншітпей тастады. Бірнеше тұрғын жаяу жүргіншілер жолағының бар-жоғына пысқырып та қарамай, күре жолды өздері қалаған тұстан кесіп өте берді. Көлік жолын қиып өткендерге барып түсінік сұрағанымызда, «асығыспын», «келер жолы қаперімде болады» деген сыдыртпа жауаптар естідік. Ереже бұзғандарға алғашқы ескертулер жасалды.

Одан кейін Абай көшесіне бағыт алдық. Бұл жолы арнайы жаяу жүргіншілер жолағының маңын таңдадық. Мұндағы көрініс те бізді қуантпады. Жолға салынған жолақтар менмұндалап алдында жатыр. Алайда, біздің тұрғындар бұған мән бермейтін сыңайлы. Бірін «ұстап» ескерту жасап жатқанда, екінші алшаңдай басып жаныңнан өтіп жатты.
Бұл қалай болғаны? Мүмкін мекемелер мен білім беру ошақтарында жол-көлік қозғалысына қатысты ережелерді түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз жүргізіліп жатыр ма. Әлде талап пен шара мардымсыз ба? Көкейімізге келген осы сауалдарды іркіп қала алмадық. Қасымызда тұрған жол-патрульдік полиция қызметкерлерін әңгімеге тарттық.

– Дәл осындай көлік қозғалысына селқос қарағандардың кесірінен жол-көлік оқиғалары көптеп орын алуда. Мұның алдын алу бойынша қалада жыл басынан бері 23 профилактикалық іс-шара ұйымдастырдық. Түсіндіру жұмыстары мен мектеп оқушыларымен кездесулер өткіздік. Алайда, мұның бәрі босқа кеткен сыңайлы. Десе де, жұмыс жүргізе береміз, – деді жол-патрульдік полиция ротасының командирі Қайрат Смағұлов.

Рота командирінің айтуынша, соңғы 8 айда қалаішілік жолдарда 17 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Онда 3 адам қайтыс болған, оның ішінде 1-еуі кәмелетке толмаған. 17 азамат жарақат алған.

– Көше жолдарында орын алған оқиғаларда жаяу жүргіншіні көлікпен соғып кету фактілері жиіледі. Мұнда жаяу жүргіншілердің де кінәсін жоққа шығаруға болмайды. Оған өзіңіз куә болып отырсыз, – деді полиция аға лейтенанты жолды нұсқап.
Иә, көзбен көрген көріністі көңілден алып тастай алмайсыз. Оған жауап ретінде тек «өзімізден бастауымыз керек» деген ой ғана тұрды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ,

Комментарии закрыты.