Үлкендердің қасиеті – батасында

1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Кешегінің арты бүгінгінің қартына айналған алдыңғы буын ата-әжелеріміздің төл мерекесі. Осы мейрамды атап өту барысымен танысу үшін біз қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне бардық…

Мұнда зейнет жасына жеткен азаматтарға көмек көрсететін бөлім бар. Ол – ардагерлермен, мүгедектермен жұмыс жөніндегі сектор. Аталған бөлімде әлеуметтік қолдауға зәру жандарға көмек көрсетіледі. Сектор меңгерушісі Ақсәуле Өтенованың сөзіне қарағанда, мұнда ауқымды жұмыстар жүзеге асырылған. Қарттар күніне орай да бірқатар жұмыстар атқарылмақ.
– Ақсәуле Сәдуақасқызы, 1 қазан – Қарттар күні. Осы мерекеде қазыналы қарияларымызға қаншалықты құрмет көрсетілмек?
– Алдымен барлық қарттарымызды осы мейрамдарымен құттықтаймыз. Бүгінде біздің қаламызда 8000-нан аса зейнет жасына жеткен қарттар бар. Олардың ішінде 80 жасқа толған және одан асқандардың саны 900-ді құрап отыр. Осы егде жасқа жеткен қарттарымызға 4 мың теңге көлемінде материалдық көмек беріледі. Ол қаржы зейнетақы есепшоттарына аударылады. Ол үшін жергілікті бюджеттен 3 миллион 600 мың теңге қаржы бөлінді. Былтырғы жылға қарағанда қаржылай көмек 1 мың теңгеге артты. Қомақты қаржы болмаса да едәуір сыйлық деп ойлаймын.
– Бұл тізім қалай алынды? Жалпы, көмекке мұқтаж қарттарымызға бұдан басқа қандай көмек ұсынылады?
– Біздің бөлім зейнетақы беру орталығымен тығыз жұмыс жасайды. Қаламыздағы қарттар санының нақты тізімін солардан аламыз. Содан кейін ғана үлестіреміз. Ал, көмекке зәру жандарға биыл мемлекеттік тапсырыс есебінен азық-түлік жиынтығы беріледі. Бұл қазіргі таңда 150 адамға деп жоспарланып отыр. Сыйқалтадағы жиынтықтың құны 4 мың теңгені құрайды. Мұнда күнкөріске қажетті заттар салынған.
– Мерекелік күннің маңызын жоғалтпау үшін белгілі мейрамхана, кафелерде кішігірім шаралар ұйымдастыру жоспарда бар ма?
– Бұрнағы жылдарда қаламыздың шағын кафелері өздерінің ұсыныстарымен шығып жататын. Сонда 10-15 адамға арнап мерекелік түстіктер өткізілетін. Өздерінің тараптарынан қолдау көрсету үшін бізден тізім алып, сол тізімді шама-шарқынша қамтитын. Биылғы жылы да біз бірқатар осындай орындарға ұсыныс хаттар жіберген болатынбыз. Алайда қабылдап, қарттардың көңілін көтеруге құлық танытып жатқандар жоқ.
– Әңгімеңізге рақмет!
P.S «Қарты бар үйдің қазынасы бар». Бұл халық нақылы. Халық айтса қалт айтпайды. Кішіге – ізет, үлкенге құрмет көрсету де ұлттық тәлім-тәрбиенің жемісі. Қарияларымызды сыйлап, жоғарыдан төр беруіміз осының айғағы. Ендеше, қазынамыз деп қадір тұтқан абыз ақсақалдарымыз бен ақжаулықты әжелерімізге көптеп көңіл бөлінуі керек. Үлкендердің қасиеті – ақ батасында. Оларға құрмет көрсету, әсіресе төл мерекесінде ұмыт қалдырмау – сіз бен біздің борышымыз!
Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.