«Атамекенім» акциясы кең қолдауға ие

Жақында ғана еліміздегі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекенім» жалпыреспубликалық акциясының басталуын жариялаған болатын. Акция қайырымдылық мәдениетін жүйелі дамыту және әлеуметтік жауапкершілікке бағытталған. Соның негізінде өткен аптада жастар ресурстық орталығында дөңгелек үстел өткізілді.

Кездесуге қаламыздағы бірқатар кәсіпкерлер мен жастар қатысты. Жиын барысында сөз алған Ұлттық кәсіпкерлер Палатасы Сәтбаев қаласы филиалының директоры Шолпан Жангаскинова аталған акцияның мән-маңыздылығына тоқталды.
– Елбасымыз шынайы патриотизмнің негізгі көрінісі ретінде туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне атсалысуды негізге алады. Бұл «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көтерілген тақырыптың бірі. Сондықтан, бұл акцияны бизнестің рөлін арттыру, жекелеген қайырымдылық көмек көрсетудің үлгісі ретінде де қарауға болады, – деді Шолпан Серікқызы.
Ұлттық палата бұл бағыттағы кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсету үшін бірқатар ұсыныстар дайындаған көрінеді.
– Қайырымдылық жобасын жүзеге асыру үшін әлеуметтік мәселелер реестрі жасалады. Яғни, мұнда кез келген көмекке мұқтаж азамат онлайн-режимде өтінім қалдыруына мүмкіндігі бар. Бүгінде кәсіпкерлер палатасы Сәтбаев қаласы әкімдігімен бірге пилоттық режимде әлеуметтік мәселелер реестрін дайындады. Оның ішінде аулаларда дене шынықтыру құрылғыларын және көшелерде бейнекамералар орнату, жолдарды жөндеу сынды ұсыныстар бар. Енді көмек қолын созамын деген кәсіпкерлер осы мәселелерді шешуге атсалыса алады, – дейді филиал директоры.
Мұнымен қатар, бұл акция негізінде қайырымдылықпен көзге түскен, үздік әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен кәсіпкерлерге «Парыз» мемлекеттік сыйлығы тапсырылмақ.
Кездесу барысында кәсіпкерлер аталмыш акцияға қатысуға құлық танытып отырғандарын, кей әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысатындарын жеткізді. Жиыннан соң мектеп оқушыларының бастамасымен флеш-моб ұйымдастырылды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ,

Комментарии закрыты.