Ұстаздар арасында талқыланды

Жас ұрпақты білімді етіп тәрбиелейтін, олардың болашақта бәсекеге қабілетті болып қалыптасуларына ықпал ететін – ұстаздар. Сондықтан, қазіргі таңдағы өзекті мәселеге айналған латын әліпбиіне көшу мәселесі ең алдымен жастарға білім беріп жүрген ұстаздар арасында қызу насихатталуда.

Өткен аптада №27 жалпы білім беретін орта мектепте осындай бір жиын өтті. Жиынды қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Амангелді Құрақбай жүргізді.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған біртіндеп латын алфавитіне көшу мәселесі – заман талабы. Себебі, латын графикасы қазіргі кездегі жаңа технологиялық ортаның, коммуникация, білім мен ғылымның тіліне айналған. Әлемде ақпараттың басым бөлігі ағылшын тілінде таратылатынын ескерсек, біздің еліміз үшін латынға көшудің пайдасы көп болары сөзсіз. Сонымен қатар, латын алфавитін енгізу еліміздің білімді жастарының қатары көбеюіне, олардың басқа мемлекеттердің жастарымен оңай қарым-қатынас орнатуына септігін тигізеді. Қазіргі таңдағы жаңартылған мазмұндағы білім беруде, үштілді білім беру жүйесінің дамуында, шет тіліндегі ақпараттарға балалардың қолжетімділігін арттыруда ұсынылған латын әліпбиінің берері зор. Сондықтан, сіздерді келешек ұрпақ үшін аса маңызды бұл игі бастаманы қолдауға шақырамын, – деді А.Құрақбай.
Кездесу барысында үгіт-насихат тобының мүшесі жиналғандарға латын әліпбиіне көшу арқылы еліміз өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылатындығын, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақты анықтауға септігін тигізетіндігін де тілге тиек етті.
Өз тарапынан ұстаздар қауымы көтерілген мәселе төңірегінде ой-пікірлерін ортаға салып, туындаған сұрақтарына жауап алды. Сондай-ақ, Елбасының бұл бастамасын талдау мақсатында ұжым ішінде жиналыс өткізетінін және біркісідей қолдайтындықтарын айтты.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.