Терезелерді кім бүтіндейді?!

Қыс – қатал сыншы. Ал оған әзірлік ойдағыдай ма? Осы сауал жауапты тұлғаларды ғана емес, қала тұрғыны мені де қатты толғандырады. Өйткені, менің отбасымның қыстан қысылмай, тоңбай шығуы әлгі айтқан әзірлік мәселесіне келіп тіреледі.

Қысқа дайындық тек құбырларды ауыстырып, тоқ желілерін жаңғыртумен ғана шектелмесе керек. Бұл жерде әрбір тұрғын үйдің сыртқы жөнделуі де үлкен рөл атқарады. Бірақ бұл жұмыстар ойдағыдай жүруде дей алмаймын. Әрбір көпқабатты үйлердің тұрғындарға ортақ бөлігі – подъезі үнемі назардан тыс қалып келеді. Оны сылау-сырлау мәселесі қозғалса, «тұрғындар ақша жинасын» деген бір-ақ ауыз уәж айтылады. Сонымен іс бітеді. Ақша жиналмайтынын ПИК пен ТКЦ иелері жақсы біледі. Құтылудың оңай жолы – осы.
Жарайды, сылау мен сырлау солай болсын. Ал, енді сол подъездердегі терезелерді кім бүтіндеуі керек? Мен, қаланың көп қабатты үйлерін ерінбей, жаяу аралап шықтым. Бәрін десем өтірік болар, өзім тұратын аймақтың аяқ жетер жерлерін араладым. Сондағы байқағаным, терезесі бүтін бір подъез жоқ. Алқам-салқам. Ертең қыстың бораны мен аязында ол үйлердің тұрғындары пәтерлерін қалай жылытпақ. Бар жылу далаға шығып кетпей ме. Осыны ойлаған жан бар ма?!

Жәми Тұрсынбаев,
қала тұрғыны.

Комментарии закрыты.