Қарттарға құрмет көрсетті

Халықаралық қарттар күні қарсаңында қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Жезқазған қаласындағы қарттар мен мүгедектер үйінің тұрғындарына арнап мерекелік іс-шара өтті. Қарттарды құттықтауға келген еріктілер тобы әндерін арнап, би биледі.

1990 жылы негізі қаланған мекеме бүгінгі таңда 230-ға тарта қарт пен мүгедектің қара шаңырағына айналып отыр. Сол сан қилы тағдырды арқалаған егде жастағылардың көңілін бір сәтке көтеруге жастар ресурстық орталығының қызметкерлері атсалысты. Арнайылап шағын концерт ұйымдастырды. Мәре-сәре болған мейірімге мұқтаж жандар да ортаға шығып, би билеп жатты. Салтанатты кеште қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Бағила Алимова қарияларды айтулы мерекемен құттықтады.

– Үлкенге құрмет біздің басты тағылымымыз. Осыны берік үстанған Сәтбаев қаласының жастар ресурстық орталығы жанындағы еріктілер тобы сіздерге арнайы келіп отыр. Бүгін сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтауға келіп отырмыз. Сондықтан әрбір жастың өнерін өздеріңізге деген ыстық ықыластың белгісі ретінде қараңыздар, – деді Б.Алимова.
Іс-шара барысында сәтбаевтық жастар қарттар үйіне бағалы сыйлық тарту етті. Ал қарттар болса өз аттарынан алғыстарын білдіріп, өскелең ұрпаққа ақ батасын жаудырды.
Кештен соң аталған үйдің тұрғындарына арнап тәтті тағамдар үлестіріліп, дастархан жайылды.

Нұрлат Қонысбай.

Комментарии закрыты.