Құрмет пен даңқ – еңбек өтеуі

«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі». Қазақ педагогикасына ұшан-теңіз үлес қосып, ағартушылық тарихына өзіндік жол салып берген Ыбырай Алтынсариннің бұл сөзі ұстаздар қауымына ізгі құрмет ретіндегі тебіреністен туындаған болса керек. Жиған-терген білім маржанын әр шәкірттің санасына өшпестей етіп құйып беріп, көкірегін ояу, көзін ашық қылатын да осы ұстаздар. Ендеше олардың еңбегі еселеніп, құрметке бөленіп жатса бір ғанибет емес пе…

Бүгінгі әңгімеміз де сондай ұлағатты ұстаз жайлы болмақ. Ол қаламызға белгілі ұстаз – Жанасылова Қамар Қаппасқызы. Жуырда қадірлі ұстазды өзі қызмет атқаратын №16 жалпы білім беретін орта мектеп ұжымы зейнет демалысына шығарып салды. Салтанатты шараға жиналған халықтың қарасы да қою болды. Әнмен әрленген, күймен күптелген «Ұстазға тағзым» атты кешке ұстаздың әріптестері, шәкірттері мен жақындары келді.

Салтанатты кештің шымылдығы түріле сала келген қауым экранға көз тікті. Мұнда Қамар Қаппасқызының өмір жолы турасында шағын бейнеролик көрсетілді. Оның мұғалімдік кәсіпті игерудегі қыр-сырына қанықты жұрт.

Ұстаздың мерейін асыратын шәкірттері десек, мерекелік кеште тәлімгерге деген жүрекжарды өлеңдерін арнап жатудың жөні бөлек. Қамар Қаппасқызының оқушылары сөйтті де. Шәкірттерден ұстаздың әріптестері де қалыс қалған жоқ. Бүгінде зейнет жасына шықса да кәсібінен бір сәтке ажырамай, шәкірт тәрбиелеуден жалықпаған мұғалім Айнагүл Жұмашқызы әуезді ән айтып, келген қонақтың көңілінен шығып жатты.
Салтанаттың тағы бір қызықты сәті сырлы сұхбат болды. Мұнда құрмет иесінің өмірінен сыр шертер келелі әңгіме қозғалды. Ал, ол өз кезегінде барша жас мұғалімдерге рухани азық болғаны анық.
– Адам мақсатына жету үшін алдымен өзін-өзі жетілдіру керек. Сонымен қатар, қолыңа қонған бақыт құсын ұстап тұру үшін жақсы мінез-құлық болу керек деген бір ғұламаның сөзі жадымда әрдайым. Біз балалардың мінез-құлқын қалыптастырамыз. Әр іс-әрекетіме, жүріс-тұрысыма мән беріп, балаларға тәлім-тәрбие беру кезінде жақсы мінез-құлық сіңіруге тырысамын. Оны қабылдаған оқушы өзін-өзі жетілдере алады. Сабақты жақсы оқуға талпынып, өзін-өзі көтере алады. Сондықтан әрбір азамат өзінде бар мінезін дұрыс қалыптастыра білуі керек, – деді сөз арасында Қамар Жанасылова.

Кеште өрбіген әдемі сыр-сұхбаттан соң келген қонақтар алғыстарын білдіріп, гүл шоқтарын ұсынды. Олардың қатарында білім бөлімінің басшысы Берік Ақышбеков, қалалық қоғамдық кеңестің төрайымы Марал Мәдиева бар.

– Ғұмырыңыздың біраз жылын білім беру саласына арнадыңыз. Қаншама шәкірттерді тәрбиелеп, олардың сан салада қызмет атқаруына жағдай жасадыңыз. Біздер сіздің еңбегіңізге әбден қанықпыз. Сондықтан сізді құрмет тұтамыз. Сіз тек қана мұғалімдікпен ғана емес, қаламыздағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келесіз. Қалалық мәслихат депутаты ретінде өткірлігіңізбен, іскерлігіңізбен танылдыңыз. Сіздің әр ісіңіз кейінгі жастар үшін үлгі-өнеге, – деп түйіндеді өз тілегін Берік Базылұлы.

Еңбегі еселеніп, мерей тұғырынан көрінген Қамар Жанасылова да барша қатысқан қауымға өзінің ақжарма тілегін жеткізіп, алғысын білдірді.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.