Кентау жастары латын әліпбиін қолдайды

Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласының жастары латын әліпбиіне өтуді бірауыздан қолдады. «Жастар ресурстық орталығында» өткен дөңгелек үстелде «Латын әліпбиінің негізі» мәселесі талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында латын әліпбиіне көшу бастамасына жастар да осылайша қолдау білдіріп, бас қосты. «Қазір қоғам екі тілді қоса алып жүр. Егер латынға өтсек, осы олқылық жойылар еді. Өйткені, латын әліпбиіне көшу арқылы біз тілдік қолданысымыздың таразы басын теңестірер едік. Латын әліпбиі – әлем қазақтарының рухани бірлігінің негізі. ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры десек, бүгінгі компьютер заманында әлемдік ғаламтор жүйесіндегі ақпарат кімнің қолында болса, сол өз билігін емін-еркін жүргізе алады. Ал, ақпараттың басты құралы – жазу. Яғни, ғаламтор жүйесінде үстемдік жасаушы, ол – латын графикасы», – дейді Кентау қалалық «Жастар орталығының» директоры Қанат Бекметов.

Комментарии закрыты.