Латын әліпбиінің екінші нұсқасы талқылануда

Қоғамда қазақ тілінің латын әліпбиіндегі екінші нұсқасы да қызу талқыға түсіп жатыр. Бұл ретте саяси қайраткерлер мен сала мамандары ой-пікірін ортаға салып, жан-жақты түсіндіру жұмыстарына кірісіп те кетті, деп хабарлайды 24.kz сайты.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашевтың айтуынша мұндай жалпыұлттық талқылау ешбір мемлекетте болмаған.

– Мұндай талқылаулар ешбір тәжірибеде болмаған нәрсе. Жалпы ұйымдастырғанының өзі осы реформаның деңгейін көтеріп жіберді. Қазір әлеуметтік желілерді қарасақ, бұрыннан гөрі аз болса да пікір алмасулар бар. Соны аяғына дейін бітірсек, дайындалған нұсқасына келеміз, – дейді ол.

Депутаттың ойын тіл мамандары да қуаттағандай.

– Кеше таныстырылды. Бүгін іске асырайық деген болған жоқ. Елбасының өзі жаңа жобаны көпшілікке танысу керек екенін, олардың пікірін білу қажеттігін айтты. Сол мақсатта жобамен көпшілікті таныстыру керек. Әліпби құрамы қалай, үйретудің оқу-әдістемелік мәселелері тұр алда, – дейді А.Байтұрсынов атындағы тіл ғылымы институтының бас ғылыми қызметкері Әлімхан Жүнісбек.

Комментарии закрыты.