«Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғыру баспалдағы»

Өткен аптада қаламыздағы Кеншілер сарайында тіл мамандарының бастамасымен осындай тақырыпта семинар өткізілді. Жиынға мемлекеттік мекеме қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты. Отырысқа облыс бойынша құрылған үгіт-насихат тобының мүшелері арнайы келіп, латынға ауысудың ұтымды тұстарын жеткізді.

Жиында алғаш сөз кезегі облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының спикері, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры Жандос Смағұловқа берілді. Филология ғылымдарының докторы Елбасының бағдарламалық мақаласы төңірегінде ой өрбітті.
– Қазіргі уақытта қарапайым халық арасында «рухани жаңғыру» деген тіркес кеңінен талқыға түсті. Бұл қандай жаңғыру, тәуелсіз ел болғалы нені жаңғыртуымыз керек деген сауал тұр әрбіріміздің санамызда. Жаңғыру дегеніміз өзгеру. Бүгінгі жаһандану заманында түрлі мәдениеттер санамызды улап, жастарымыздың соның жетегінде кетіп жатқанын көз көріп, құлақ естіп жүр. Ақпараттардың кей ағыны біздің менталитетімізге жат бола тұра соны бойымызға сіңіріп жатқан жайымыз бар. Шет елдерге қызығу, еліктеу ұлттық діліміздің төмендеп кетуіне әкеліп соқты. Біздің сан ғасырлық салт-дәстүріміз, ұлттық құндылықтарымыз қайда қалды? Ендеше жоғалуға сәл қалған ұлттық менталитетімізді жаңғыртуымыз керек. Міне, Елбасының мақаладағы негізгі айтар ойы осы, – деп латын әліпбиіне ауысу жайын сөз қылды.
– Латын әліпбиіне көшуге байланысты әртүрлі көзқарастар бар. Әліпбиді беру нұсқасына байланысты дау-дамайлар, әлеуметтік желілердегі пікірлер де сан алуан. Жаңалық болған жерде дау болмай тұрмайды. Түсінбестік туындайды. Қазір толық әліпбидің нұсқасы бекітілген жоқ. Бұл халық арасында, тіл мамандары арасында талқыға түсіп отыр. Диграфтық нұсқасы сынға ұшырады, төл дыбыстарымызға ноқат салу, яғни апостроф қою үлгісі де таныстырылды. А.Байтұрсыновтың нұсқасын қолданысқа енгізу туралы ұсыныстар да бар. Бірақ, оның да ыңғайсыздық туғызатын жерлері бар. Жыл соңына дейін бір нұсқа бекітіледі. Бірақ, ол сіз бен біздің пікірлерімізде. Жалпы халықтың талқылауында. Бұл өзгерістен қорқудың қажеті жоқ. Латынды қолданған кезде түркі халықтарымен хат-хабар алысатын жағдайға жетеміз. Түркі әлемінің әдебиеті мен мәдениетінен хабардар боламыз. Ең бастысы ұлттық жадымызды жаңғыртамыз, – дей келе, сөзін туған тілін білмейтіндерге аудартты.
– Қазір қазақ тілін білмейтіндер саны елімізде тұратын қазақтардың 40 пайызын құрайды. Латын әліпбиіне ауысар болсақ, сол қандастарымыздың тілін білуіне жағдай жасаймыз. Тіл орталықтары қазақша үйретеміз деп жар салды. Сөйлеп кеткендері бар ма солардың? Бар болса саны некен-саяқ қана. Ендеше, осы жаңа әліпби негізінде өз туған тілімен қайта қауышар күн алыс емес. Ұлттың негізі – тілінде. Тілі жойылған ұлттың өзі де жойылады. Сондықтан, бұл – сананы жаңғыртар даңғыл жолға бет аламыз деген сөз, – деп түйіндеді ойын Жандос Қожахметұлы.
Келелі кездесуде Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған Университетінің оқытушысы Света Саменова «Латын графикасына көшу және ұлттық сана мәселесі» тақырыбында баяндама жасады. Жиын соңында қызығушылық танытқан азаматтар толғандырған мәселелері бойынша сұрақ қойып, мардымды жауаптар алды. Осылайша, білікті тіл мамандарының жан-жақты тұщымды ойларына қаныққан жұрт тоғайған көңілмен тарқасты.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ,

Комментарии закрыты.