Мемориалдық музей «Мәргіністе»

Өткен аптада Павлодар облысы, Баянауыл ауданындағы академик Қ.Сәтбаевтың мемориалдық музейінің «Ұлттық мұра ордасы» атты көшпелі көрмесі «Мәргініске» келді. «Рухани жаңғыру:болашаққа бағдар» бағдарламасы және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Рухани қазына» кіші бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылған бұл көрме Жезді кентіндегі Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің көрме залында жайылды.

Көрменің ашылу салтанатына Ұлытау ауданының әкімі Ә.Омар, Жезқазған, Ұлытау өңірінің музейлері мен Сәтбаев қаласындағы Б.Бұлқышев атындағы кітапхана және Ш.Ділдебаев атындағы музей жетекшілері, аймақтағы орта мектептер басшылары қатысты.
Өлкетанушы, жоғарғы санатты археограф С.Қожамсейітов, өлкетанушы, Баянауыл музейімен алғаш байланыс орнатқан қарсақбайлық Тоңболат Мұқан, Қ.Сәтбаев атындағы Жезқазған тарихи-археологиялық музей басшысы Кенжал Балкенов кездесу барысында сөз алып, аймақ тарихынан сыр ақтарды. Академиктің Жезқазған өңіріндегі кезеңінен көптеген мәліметтерді баянауылдық әріптестерге жеткізді. Кездесуде сөз алған Ұлытау ауданың әкімі Ә.Омар академик жерлестеріне аймақаралық байланыс орнатудағы қадамдарына сәттілік тілеп, Құрмет грамотасын тапсырды. Сондай-ақ, өңір тарихы жайлы жазылған «Қазақ елінің кіндік мекені –Жезқазған» (С.Қожамсейітов), «Бұланты шайқасының зерттелу тарихы» («Ұлытау» қорық-музейі), Сәтбаев қаласы энциклопедиясы (Б.Бұлқышев кітапханасы) сияқты еңбектер Павлодар музейіне тарту етілді. Керекуліктерге берілген сый-сияпаттың ішінде әсіресе 1935 жылы жарық көрген «Большой Джезказган» атты ҒА сессиясы материалдарының қайта басылып жаңғыртылған кітабы (К.Балкенов) құнды болғанын айта кету артық емес.
Кездесу барысында Қ.Сәтбаев атындағы Жезқазған тарихи-өндірістік музейі, Павлодар облысының Баянауылдағы академик Қ.Сәтбаев музейі және М.Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі арасында ынтымақтастық келісім-шартқа қол қойылды.
Бұдан соң көшпелі көрменің лентасы салтанатты түрде қиылды. Оған Ұлытау ауданының әкімі Әнуар Омар мен Баянауыл мемориалдық музейіның басшысы Айбат Ыдырысов ие болды.
Түстен кейін баянауылдық әріптестер Қарсақбайға аттанды. Мұнда кент әкімі меймандарды қарашаңырақтағы завод тынысымен таныстырып, құю-механикалық цехында болды. Академиктің музей-үйінде, Қарсақбай саябағы, су қоймасында болып, Қарсақбай тарихымен жан-жақты танысты.

Аманкелді Ақшал.

Комментарии закрыты.