Жаңа әліпбиі – келешектің кілті

Жазу — барлық халыққа ортақ, мәдениеттерді  жалғастырушы, байланыстырушы  құндылықтардың бірі. Халықтың ғасырлар бойы игерген барлық жетістіктері жазу мұрасы арқылы танылады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев латын әліпбиіне көшу мәселесін дер кезінде, уақытында көтеріп отыр. Шын мәнінде латын әліпбиіне көшу мәселесінің айтылып келе жатқанына біраз уақыт болғанын көпшілік жақсы біледі.
Көпшілік ғалымдардың пікірлеріне назар аударатын болсақ, ғалымдардың кейбірі көне түрік жазуын қолдаса, кейбіреулері Қытай, Моңғолия, Иран, Түркия, Ауғанстан мемлекеттерінде тұрып жатқан қандас бауырларымыздың араб жазуына негізделген қазақ жазуын қолданып жүргенін ескеріп, араб графикасына негізделген қазақ жазуын қолдаған болатын. Дегенмен де, сол кездің өзінде-ақ латын жазуына негізделген әліпбиді қолдағандар басымырақ болғанын білеміз. Бұл орайда, латын әліпбиіне көшудің артықшылықтары ешқандай талқылау тудырмауы анық. Яғни, біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ еліміз үшін қажет.
Иә, қиындықтар болмайды емес, болады. Бес мың жылдық тарихы бар Қытай мемлекеті өздерінің ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан тарихи мұрасын бір әліпбиден екіншісіне көшірудің мүмкін еместігінен өз иероглифтерінен айырылмай отыр. Қытай 1949 жылы өз иероглифтерін латын әріптерінен транскрипциялады, соның арқасында қазір шетелдіктердің қытай тілін латын әріптері негізінде меңгеруі бұрынғыға қарағанда жеңілдей түскен. Ал жапон елінде ғылыми жұмыста және байланыс құралдарын пайдалануға ыңғайлы болуы үшін екінші әліпби ретінде латын жазуы қолданылады. Қазіргі таңда латын әліпбиі үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да, мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр. Латын әріптері графизация (әріп таңбалау) заңдылықтарына, яғни, «көру-қабылдау-тану» талаптарына да сай. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатаны байқалады. Латын графикасын қолданатын барлық елдердің әліпбиіндегі әріп саны тілдегі фонемалар санынан әлде қайда аз болуы да оның жетістігі болып табылады.
Мемлекет басшысы қоғамдық талқылаулар барысында келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленген қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жобасын қабылдады. Біз де осы соңғы жобаны мақұлдаймыз.
Қорыта келгенде, латын әліпбиіне көшу тәуелсіз мемлекетіміздің әлемнің көптеген елдерімен ықпалдасуына, санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады.
Ғазиза Смағұлова
«ӨРЛЕУ» БАҰО АҚ филиалы
Қарағанды облысы бойынша
педагогикалық қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері».

Комментарии закрыты.