Халық саны белгілі болды

Қазақстан халқының саны 2017 жылғы 1 қыркүйектегі көрсеткіш бойынша 18 074,1 мың адамға жетті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті мәлім еткендей, халық саны 2017 жылғы 1 қыркүйектегі көрсеткіш бойынша 18 074,1 мың адамға жеткен. Соның ішінде қалалықтар – 10 367,4 мың (57,4%), ауылдықтар – 7 706,7 мың адамды (42,6%) құрады. Биыл 2016 жылғы 1 қыркүйекпен салыстырғанда халық саны 232,5 мың адамға, яғни 1,3% өсті.
АХАТ органдары ұсынған мәліметтерге сәйкес 2017 жылғы қаңтар-тамыз айында 257,5 мың нәресте дүниеге келген, бұл 2016 жылғы қаңтар-тамызға қарағанда 6,5% аз.
Сондай-ақ, республика халқының табиғи өсімі 2016 жылғы қаңтар-тамызбен салыстырғанда 17,3 мың адамға немесе 9,3% кеміп, 169,4 мың адамды құрады. Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны 77,3 мың адам болса, бұл 2016 жылғы қаңтар-тамызға қарағанда 0,4% аз.
2017 жылғы қаңтар-тамызда республикада 1 жасқа дейінгі 2140 нәресте өлімі тіркелді. 2016 жылғы қаңтар-тамызбен салыстырғанда 1 жасқа дейінгі шетінеген нәресте саны 13,7% азайды.
Нәресте өлім-жітімінің негізгі себебі — перинаталдық кезеңде пайда болатын жағдайлар, бұдан 2017 жылғы қаңтар-тамызда 1 082 нәресте қайтыс болып, нәрестелер арасындағы жалпы өлім санының 50,6% құрады. Туа біткен ауытқулардан 502 немесе 23,5%, тыныс органдары ауруларынан – 138 немесе 6,4% және жазатайым жағдайдан, уланудан және жарақаттан – 110 немесе 5,1% нәресте қайтыс болған.

Комментарии закрыты.