Мүмкіндігі шектеулі жандар шексіз қуанышқа бөленді

Сәрсенбі күні спорттық сауықтыру кешенінің футбол манежінде әлеуметтік қолдауға мұқтаж адамдар арасында спорттық шара өтті. Жеңімпаздар марапат төрінен көрінді.

Қазан айында аталып өтетін мүмкіндігі шектеулі жандар күніне арналған спорт мерекесіне жиналған халықтың қарасы қою болды. Көпшіліктің ыстық ықыласына бөленгенді құп көретін қоғамның бұл мүшелеріне арналған спорттық жарыстар қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілді. Салтанатты шара барысында аталмыш бөлім басшысы Зухрап Даумбаев:
– Қазіргі уақытта бұқаралық спортты дамыту күн тәртібіндегі міндет болып отыр. Осы өткізілгелі отырған шара соның айғағы. Барлықтарыңызды мерекелеріңізбен құттықтап, алдағы ойындарда жақсы өнер көрсетулеріңізге тілектеспін, – деп, мереке иелерін құттықтады.
Мүмкіндігі шектеулі демесең, мұнда атсалысқан әрбір қатысушының орны бөлек. Қоғамның толыққанды мүшесі ретінде бар күш-жігерін жұмсап, намысты қолдан бермеуге тырысты. Арбадағы жарыс, балалар арасындағы көңілді старт көпшіліктің көңілінен шықты. Мүгедек жандар үстел теннисі, дартс, дойбы сынды спорт түрлерінде де үздік өнер көрсетті. Осылайша шектеуді мақұл көрмеген спортшылар ұйымдастырушыларға шексіз ризашылықтарын білдіріп, көңілді тарқасты.
Нұрлат ҚОНЫСБАЙ,

Комментарии закрыты.