Жаңа заң жобасы жұмыскерлер жадында

Дүйсенбі күні жұмыс сапарымен Жезқазған аймағына ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын мен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сергей Ершов келді. Мәртебелі меймандар кенді өлкенің кеншілерімен кездесті.

Анненский кенішіне арнайы атбасын бұрған қонақтар аталған өндіріс орнының жұмыскерлерімен акт залында бас қосты. Кездесуге «Қазақмыс» Корпорациясы тау-кен өндірістік кешінінің бас директоры Саят Бакиров пен Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Сұлтан Нарботаев та қатысты. Жиын барысында қабылданудың алдында тұрған «2017-2020 жылдарға арналған діни саладағы мемлекеттік саясат» заң жобасы кеңінен айтылып, бірқатар мәселенің тиегі ағытылды.

– Мемлекеттің зайырлы болуы оның діни, құқықтық бостандықтарына шектеу болмауынан танылады. Алайда, мұнда деструктивті діни ағымдардың астыртын әрекетін жылы жауып қоюға болмайды. Теріс пиғылдылар өзара ымырашыл халықтың бей-берекетін қашыруда. Сол себепті жаңа заң жобасы танымы таяз, түсінігі дүдәмал адамдардың әрекетіне тыйым салуға мүмкіндік береді. Аталған заң қараша-желтоқсан айларында Мәжіліс депутаттарының қарауында болады. Ұсынылатын жобаны дайындау кезінде халық арасында кеңінен талқыға түсіп, азаматтардың ой-пікірлеріне баса мән берілді. Бұл қоғамдық талқылауға негізделген құжат. Алып-қосар ойларыңызды тыңдауға әзірміз, – деді ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын.

Мұнымен қоса жаңа заң жобасы негізінде ағымдарды насихаттауға тыйым салумен қатар, қоғамдық орындарда азаматтардың бет-әлпетін тұмшалап, тануға мүмкін болмайтын киім киюіне тыйым салынатынын жеткізді. Сонымен қатар, шет елде діни білім алуға, мемлекеттік қызметкерлердің діни шараларға қатысуына жағдай жасалмақ.

– Елімізде діни салада туындайтын кез келген мәселені зайырлы жолмен шешу басты назарға қойылатынын атап өткім келеді. Бұл өз кезегінде азаматтардың құқықтық, діни сенім-наным бостандығын қамтамасыз ететін жол. Зайырлы мемлекет принципі дінді саясиландыруға келтірілмейтіндігімен түсіндіріледі.

Вице-министр жасөспірімдердің діни сауатын ашу үшін жалпы білім беретін мектеп бағдарламасына «Қоғам және дін» пәні енгізілетінін де жеткізді. Жеткіншектер үшін жаңа пән келер жылдан бастап оқытылмақ.

– Ағымдағы жылдың маусым айында дінтану бағыты бойынша оқытылатын аталған пәннің негізгі оқу бағдарламасы ҚР Білім және ғылым министрлігімен мақұлданды. 8 сынып оқушыларына арналған пәннің оқулығы осы жылдың аяғында дайын болады. Алғашында Астана, Алматы қалаларында сынақ түрінде оқытылады, – деді вице-министр.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сергей Ершов болса дін төңірегіндегі шаралар үнемі басты назарда болатынын жеткізді. Кездесуге қатысқан еңбек ұжымы өздерін толғандырған сұрақтарына тиісінше жауап алды. Ал министрдің орынбасары жаңа заң жобасына байланысты көзі қарақты халықтың ұсыныс-пікірлері әлі де болса ескерілетінін жеткізді.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ,
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.