Жас жазушылар байқауы

Ұлы жазушының мерейтойы қарсаңында қаламызда аймақтық жас жазушы М.Әуезовтің байқауы өткізілген болатын. Бейсенбі күні №27 орта мектепте сол байқаудың жүлдегерлерін марапаттау салтанаты өтті.

«Келер қазақтың да ішетін уы мен балы Абай». Бұл кемеңгер жазушы Асқар Сүлейменовтің «шашылып түскен тіркесінің» біреуі. Ендеше, Абайды танығаныңыз – қазақты танығаным деп топшылай беріңіз. Абайды білу үшін оның шығармашылығымен қатар, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолымен» бойлайсыз. Бұл ретте Мұхтар Әуезовтің қазақ руханиятына сіңіріп кеткен еңбегі ұшан-теңіз.

Ерек тұлғаның мерейтойына орай ұйымдастырылған жас жазушылар байқауын қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі өткізді. Жарысқа қатысуға 16-30 жас аралығын қамтыған 14 үміткер өтініш білдірген. Байқау шарты – әңгіме жанрында қалам тербеу.

– Бізге түскен шығармаларды оқып отырып қайран қалдық. Киіктің асығындай, шып-шымыр шығармалар. Десе де, кей туындылар еркін форматта жазылған. Байқау шарты бойынша әңгіме жанрында ұсынылуы керек еді, – дейді аталмыш бөлімнің бас маманы Мадинат Игенберлина.

Марапаттау рәсімінен бұрын жергілікті өнерпаздар өнерлерін көрсетті. Даңқты жазушының өмір жолынан хабар беретін бейнеролик көрермен назарына ұсынылды.

Кеш соңында жас қаламгерлер ұлықталды. Байқауға белсене қатысқандар Алғыс хатпен марапатталды. Қорыта келгенде, №16 орта мектебінің 11 сынып оқушысы Қазыбек Серікбек III орынды, №5 мектептің оқушысы Жұлдыз Серікбаева II орынды, №67 шахтасының тау-кен маманы Жұмабай Исахан I орынды иеленді. Ал байқаудың Бас жүлдесіне С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Мөлдір Базархан лайықты деп танылды. Жеңімпаздарға диплом мен ақшалай сертификат табысталды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ,
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.