«Шетін көзқарас – қоғамға қатер»

Осындай тақырыппен №16 жалпы білім беретін орта мектепте қазан айының 27-28 күндері облыстық пікірсайыс турнирі өтті. Қарағанды облысының дін істері басқармасы мен Сәтбаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілген бұл турнирге облыстың бес қаласы мен екі ауданынан 29 команда қатысты.

Аталған турнирдің мақсаты діни экстремизм мен терроризм мәселесіне жастардың назарын аудару, олардың жауапкершілік сезімдерін арттыру және дәстүрлі емес діни ағымдардың әсерін айқындап, жастардың арасында радикалды идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру болды.

Алғашқы күні іс-шараның салтанатты ашылуы өтіп, оған қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина, Қарағанды облысының конфессияаралық қатынастары проблемаларын зерттеу және талдау орталығы директорының орынбасары Гүлнар Далабаева, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Жайлаубаев және білім бөлімінің әдіскері Гүлсім Есмұрзаева қатысты. Сөз алған дебат қонақтары ойынның маңыздылығы жайлы айтып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, өзінің жылы лебізін биылғы жылдың көктемінде өткен аймақтық «Дін мен дәстүр бірлігі – ұлт болашағының кепілі» атты пікірсайыс турнирінің «Үздік спикер» номинациясының иегері, қаламыздың «Авангард» тобының мүшесі Гаухартас Нұрлан да білдірді. Ал, Сәтбаев қаласының дін сұрақтары бойынша ақпарат және кеңес беру орталығы директорының орынбасары Жасұлан Нұрмұқан жиналғандарды турнирдің өту бағдарламасымен, жалпы ережелерімен таныстырды.

– «Дебат» сөзі грек тілінен аударғанда кезде пікір алмасу, пікір таластыру деген мағынаны береді. Алайда дебат ойынының қағидасы, мағынасы өте кең. Кез келген спикер негізгі үш ережені білу керек. Олар – іздену, яғни ақпаратпен жұмыс істеу, сыйластық және шыншылдық. Сондықтан ойын барысында сіздерден осы үшеуін сақтауларыңызды сұраймын. Дебат ережесі бойынша қойылатын ең төменгі балл – 16, ең жоғарғы – 28. Командалар фактіні, критерий мен аргументтерді дәйекті әрі дәлелді сөйлесе ғана жоғарғы баллға ие болады. Барлықтарыңыз бұл турнирде жоғары дәрежедегі ойын көрсетеді деп сенемін, – деді турнирдің координаторы Ж.Нұрмұқан.

Сонымен екі күн бойы қызықты әрі тартысты өткен дебат турнирінің қорытындысына сәйкес, жалпыкомандалық есепте І орынды Жезқазған қаласы жастар орталығының «Ақиқат» тобы жеңіп алды. Жүлделі ІІ орынға Сәтбаев қаласының №16 мектебінің «Президент» тобы ие болды. Ал, ІІІ орынды Балқаш қаласының №92 гимназиясының «Ақиқат» тобы мен Жезқазған қаласының №1 мектебінің «Ақиқат» тобы өзара бөлісті. Сонымен қатар, турнирде белсенділік танытып, ұтымды ойларымен көзге түскен бірқатар қатысушылар «Үздік спикер» номинациясымен марапатталды. Барлық жеңімпаздарға Қарағанды облысы дін істері басқармасы басшысының және Сәтбаев қаласы әкімінің Дипломдары, бағалы сыйлықтар, Кубоктар мен медальдар табыс етілді.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.