Тасқа қашалған тарих

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әкім аппараты ішкі саясат бөлімінің қолдауымен Саяси көшбасшылар мектебі мен Аналар кеңесі бірігіп, «Өз өлкеңнің тарихын біл» ұранымен
Теректі әулие жеріне саяхат жасап қайтты.

Алла тағаланың өзі қолдап бұл күні ауа райы да жадырап тұрды. Саяхат киелі мекен жанына жерленген аруақтарға дұға бағыштап, құран оқудан басталды.
Теректі әулие – Орталық Қазақстандағы тасқа бейнелеу өнерінің көне ескерткіші болып саналады. Тарихи мағлұматтарға сәйкес, бұл жерде 300-ге тарта тас бетіне қашалып салынған суреттер бар. Оның 200-ге жуығы жануарлардың бейнесі. Бұның барлығы сақ дәуіріне жатады. Суреттер осы өңірде қоныс тепкен ежелгі адамдардың тұрмыс-тіршілігінен хабар береді.
Петроглифтердің арасында ең көп кездесетіні аттың суреті екен. Себебі, жылқы малы көшпенділердің өмірінде мінсе көлік, ішсе сусын, жесе азық болған. Әлі күнге қазақ халқының төрт түліктің ішінде жылқыны артық көруі де содан шығар.
Тас бетіндегі жылқы мен әр түрлі іздерді ел аузында әулиенің табаны тиген жер деп атайды. Төбешіктердің үстінен белгілі бір заңдылықпен бедерленген түйе керуенін, бұқа, бұғы, жылан, мысық тұқымдас жануарлардың қашалған суреттерін көруге болады. Болашақ ұрпаққа деген өсиеті мен білімін осындай жолмен жеткізу әдісі жазу пайда болғанға дейінгі дәуірлерге тән деп танылған. Осы еркерткіштерге ХХ ғасырдың 40-шы жылдары академик Әлкей Марғұлан алғашқы рет назар аударып, зерттеген. Бұл материалдар бабалардан қалған баға жетпес қазына, келешекке қалатын бай мұра деп білеміз.
Аналар кеңесінің төрайымы Марал Мәдиева басшылық еткен топ «әулие бұлағынан» су ішіп, «әулиенің сырғанағынан» сырғанап, Теректінің тылсымына тәнті болды. Рухани байлықпен қатар, киелі мекеннің жұмбақ сырлары жайлы мол мәлімет алды. Экскурсияда көзделген мақсат та осы еді.

Майра Жаппасбаева, Ақпараттық сүйемелдеу тобының жетекшісі.

Комментарии закрыты.