Алаш қозғалысы – Тәуелсіздік бастауы

Биыл қазақтың тұңғыш ұлттық партиясы – Алаш партиясының құрылғанына бір ғасыр толып отыр. Осыған орай, күні кеше есігін айқара ашқан «Достық үйінде» Сәтбаев қаласының мемлекеттік архиві ұйымдастырған «Алаш қозғалысына 100 жыл: тарих тағылымы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияны архив басшысы Жаңбырбай Дәрібаев ашып, іс-шараның мақсат-мүддесімен таныстырды. Одан әрі отырыстың тізгінін қолына алған Жезқазған қаласының мемлекеттік архивінің басшысы Бағдат Байжантаев «Алаш» партиясының тарихи маңызы мен ұлт зиялыларының күреспен өткен өмірлеріне кеңінен тоқталды.

Іс-шараға қаланың Құрметті азаматтары, мемлекеттік мекеме басшылары, архивистер, тарих пәнінің мұғалімдері мен жоғарғы сынып оқушылары қатысты.

Жиын басында сөз алған ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Жайлаубаев, Ұлытау ауданының мемлекеттік архивінің басшысы Гүлмира Рыспаева, ақын Мұса Тілеуов, қаланың Құрметті азаматы Мағзұм Қожахметов қатысушыларды конференцияның ашылуымен құттықтап, аймақтық ауқымды шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Конференция барысында архивист Әлия Кидралиева «Азаттық таңын аңсаған Алашорда үкіметі», №19 жалпы білім беретін орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Гүлжан Абдирова «Алаш көсемдері», Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі Әсем Абдраймова «Әлихан және «Қазақ» газеті», №1 мектеп-гимназиясының оқушысы Ақбота Абушахман «Алаш көгіндегі күн», орталықтандырылған кітапхананың библиографы Маржан Асылбек «Алаш тағылымы – Тәуелсіздік негізі», №3 мектептің тарих пәні мұғалімі Лайла Абдрахманова «Алаш мұрасы және Қазақстан тәуелсіздігі» тақырыптары бойынша баяндамалар жасады.

– 1917 жылғы ақпан төңкерісі қазақ даласында ұлт-азаттық бағыттағы ой-сананы дүр сілкіндіріп, елдің көзін ашқандай болды. Ұлт зиялылары Қазақ съездерін өткізуге белсене кірісті. Бірінші кезекте уақытша үкімет және халқымыздың басын қосатын ортақ бағдарлама жасау туралы мәселе көтерілді. Қазақ өлкесі аумақтық Ұлттық автономия алуға тиіс деп ұйғарды. Сол 1917 жылы өткен ІІ Бүкілқазақ съезі Қазақ автономиясының уақытша халық кеңесін сайлады, яки «Алашорда» – Алаш автономиялы үкіметін құрды. Алашорда үкіметінің негізгі мақсаттарының бірі Қазақстанды Ресей орталығындағы жеңіске жеткен «социалистік» революциядан қорғау болды. Өкінішке орай, 1919 жылдың күзіне қарай Алашорданың қызметі құлдырауға ұшырады. Дала өлкесінде большевиктік күштердің қысымымен жақтастарынан айырылып қалған Алашорда өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болды, – дей келе баяндамашы Әлия Кидралиева Алашорда қозғалысының Қазақстан тарихында алатын орны ерекше екенін жеткізді.

Жиынға қатысушылар сол кездегі қазақ зиялыларының ғылыми жұмыстармен де, оқу-ағарту ісімен де, көркем әдебиетпен де айналысқандығын тілге тиек етті. Өз кезегінде баяндамашылар Ә.Абдраймова, Г.Абдирова «Алаш» партиясының құрылу тарихы, жетекшілері, қазақ халқының өткен жолдары жайлы толық мағлұмат беріп, Тәуелсіз елдің іргетасын қалап кеткен партияның атқарған ісі мен ерен еңбегін ұмытпау, ұлт көсемдерінің есімдерін құрметтеу парызымыз екендігін айтты.

Алаш қайраткерлерін ұлықтауға арналған танымдық іс-шарада ұлттық рухани жаңғыру мәселелеріне қатысты Алаш зиялыларының идеялары, Алаш партиясының органы болған «Қазақ» газетінің тарихы да кеңінен насихатталды. Қорыта айтқанда, Алаш Орда ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының елді еркіндікке жеткізу, қазақ халқына бостандық сыйлау жолында әлеуметтік-саяси ірі қозғалыс болды. Большевиктер билігі күшейген тұстан бастап, Алаш Орда үкіметін құрған ұлт зиялылары түгелге жуық құрбан болды. Осылайша, алашордалықтар аңсаған азат күнге, еркін заманға қазақ елі 70 жылдан кейін ғана қол жеткізді.

Жиын соңында айтулы шараны ұйымдастырған Сәтбаев қаласының мемлекеттік мұрағаты атынан барлық баяндамашыларға «Алаш қозғалысына 100 жыл: тарих тағылымы» атты кітапша мен сертификаттар табыс етілді.

Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.