Тарқамаған «Байқоңырдың» базары

Биыл байқоңырлықтарда қос қуаныш – Байқоңыр көмір кен орнының ашылғанына 110 жыл және елді мекенге 60 жыл толды. Екі бірдей мерекенің мәнін айшықтай түсу үшін «Керемет» ресторанында дастархан жайылды. Салтанатты шараға Байқоңыр кенішінің құрметті азаматтары, кенші-ардагерлері қатысты.

Байқоңырлық ағайынды туған елді-мекеннің әрбір жақсы жаңалығы қуанышқа кенелтсе керек. 110 жыл толған Байқоңыр көмір қазбасының өндірісінде жиналған жұрттың туған-туыстарының сіңірген еңбегі орасан. Жезқазған тау-кен комбинатының дамып-танылуына үлкен серпін берген кен орны 1907-1917 жылдар аралығында ағылшын кәсіпкерлерінің қызығушылық танытуымен ашылған. Жалпы ұзындығы 12 мың метрге жеткен 12 ұсақ шахтаның жұмыс жасауына жағдай жасалған. Ғасыр асқан бұл мерекені тойлауға кенші-ардагерлер де арнайы ақ батасымен келді. Солардың бірі – 90 жасқа келген Күліш Қасымқызы болды. Алғашқы кен орнының тарихи сәтінің куәсі болып еңбек еткен ардагерге алғыс айтылып, құрмет көрсетілді.
Аталған шараның өтуіне «Атамекен-Байқоңыр» қоғамдық бірлестігі мұрындық болды. Ұжымның төрағасы Қаратай Ақберген өңір тарихын ұрпақтың жетік білгені дұрыс дегенді алға тартады.
– Ұлытау ауданындағы Байқоңыр ауылы – мал шаруашылығымен айналысатын, 80-нен аса отбасы тұратын елді мекен. Бұрын аудандағы ең озат шаруашылық болатын, халқы да қазіргіден екі есе көп, өзіндік тарихы да бай еді. Бір кездегі артель, колхоз, совхоз тарихының бәрі қазіргі өскелең ұрпаққа белгісіз. «Тарихын ұмытқан елдің келешегі жоқ, бабаларын ұмытқан ердің болашағы жоқ» деген өсиет бар, – деді бірлестік төрағасы.
Аталған ұйым елді мекенде өткен тарихтан сыр шертетін мұражай ашуды да қолға алған.
– 1907-1930 жылдарды қамтитын мұражайдың бір бөлімін ашуға мектеп қабырғасынан орын берілді. Стенд-экспонат жасалды. Келешекте осы кен орнының тарихын толық қамтитын боламыз. Алдағы уақытта жекелей бір ғимарат берілсе екен, – деген тілегін де жасырмады Қаратай Ақберген.
Мерекелік шарада мұражайды салтанатты түрде ашу лентасы қиылды. Ізгі ниеттер мен тілектер тоғысқан дастархан басында өмірден өткендерге қол жайылып, Құран бағышталды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.