«Шаңыраққа» дән риза

Қиын жағдайға тап болған аналар мен балаларға көмек көрсететін «Шаңырақ» дағдарыс орталығы жанынан оқу орталығы құрылды. Енді «Ашық жүрек» деп аталатын орталықта әлеуметтік жағынан аз қамтылған 20 әйелге тегін курстар ұйымдастырылып, жұмысқа орналасуға жағдай жасалмақ. Өткен дүйсенбіде дағдарыс орталығында болашақ кәсіп иелеріне білім беретін білікті мамандармен кездесу өткізілді.

«Шаңырақ» дағдарыс орталығы тұрмыстың түрлі қиыншылығына тап болған ана мен балаға тегін көмек көрсетуді басты жолға қойған. Орталық психологиялық, заңды, педогогикалық көмек беруден жалықпайды, әлеуметтік көмекке зәру жандардың қолын қаққан емес. Ұйымның директоры Қаламқас Әбдуәлиеваның сөзінше, нәзік жандыларға қай уақытта да қолдау білдіру керек. Әсіресе, қиын жағдайға тап болса, оған бөлінер көңіл де екі есе болу керек дейді.
– Біздің орталыққа көптеген қиыншылыққа тап болған әйелдер келіп жатады. Олардың жағдайы алаңдатқандықтан, тегін оқу курсын жүзеге асыруды қолға алдық. Жобаға қызығушылық танытқан әйелдердің саны өте көп болды. Біз 20-сын ғана іріктеп алдық. Енді олар білікті мамандардан шаштараз, тырнақ сервисі, массаж ісі сынды мамандықтардың сан қырымен танысып, толық игеріп шығуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, қаржылық сауаттылық негіздері де үйретіледі. Жобаның тағы бір ерекшелігі, курс аяқталысымен сертификат алып, іскерлігімен көзге түскен аналарды жұмыспен қамтуға жағдай жасаймыз, – дейді Қаламқас Әбдуәлиева.
Кездесу барысында оқуға құлықты аналар келген кәсіпкерлерден өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды. Екі ай көлемінде білікті мамандардан тәлім алатындарына риза болған әйелдер қауымы алғыстарын білдіріп, болашақтағы кәсібін «ұршықша иіреміз» деп сендірді.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ,
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.