Елбасы және ел тарихындағы елеулі белестер

1989 жылғы 22 маусымда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ХV пленумы болып өтті. Пленум Г.Колбинді КСРО Халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып сайлануына байланысты Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы міндетінен босатты. Бірінші хатшы болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Пленумға қатысқан 158 адамның 154-і оны жақтап дауыс берген.

Туған тіл мәртебесі

Арада үш ай уақыт өткенде, тіл мәселесінде үлкен өзгеріс орын алды. Атап айтқанда, туған тілімізге мемлекеттік мәртебе берілді. 1989 жылдың  22 қыркүйегінде «Қазақ ССР-індегі тіл туралы» Қазақ ССР Заңы қабылданды.

Сталин заманындағы қуғын-сүргіндер мен «Романовтар әулеті үш ғасыр басынса да бағындыра алмаған қазақ даласын большевиктер бас-аяғы үш жылда төңкеріп түсіреді» деп даурыққан Хрущев саясатының салдарынан, өз жерінде азшылық болып қалған, үлес салмағы тұрғындардың 50 пайызын да құрай алмай, 40 пайызға әрең жеткен қазақтың өткен ғасырдың 80-жылдарындағы басты қасіреті – тіл тағдыры болғанын бүгінгі аға ұрпақ жақсы біледі. Қазақстандағы басқа ұлттар өкілдерін айтпағанда, қазақтардың өзінің тек 40 пайызы ғана қазақша сөйлеп-жаза білетін. Республика астанасы Алматыдан бастап, ірі қалаларда, көптеген аудандарда қазақ мектептерінің саны саусақпен санарлық қана болды. Осындай жағдайда жаңа заңның 1-бабында: «Қазақ ССР-і қазақ тілінің мемлекеттік тұрғыдан қорғалуын жүзеге асырады және оның мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарда, халыққа білім беру, мәдениет, ғылым мекемелерінде, қызмет көрсету, бұқаралық информация салалары мен басқа да салаларда белсенді түрде қолданылуына қамқорлық жасап отырады» — деп атап көрсетілуі үлкен үміттің бастауы болды.

Полигонның жабылуы

1991 жылғы 29 тамызда Нұрсұлтан Назарбаев «Семей ядролық полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойды. 1949-1990 жылдар аралығында Семей полигонында 456 ядролық және термоядролық жарылыс жасалған. Президенттің полигонды жабу туралы Жарлығы шыққан кезде, Қазақстан әлі де КСРО құрамында еді. Ал КСРО әскери-өнеркәсіптік кешенінің басшылары 1990-1992 жылдары Семейде тағы 27 сынақ жасауды жоспарлаған екен. Бірақ, 1991 жылғы 29 тамыздан бастап, полигон жабылды, бұл күн ұлт тарихындағы мәңгі есте қалар күнге айналды. Сондай-ақ, 29 тамыз — Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні болып белгіленді.

Тұңғыш президент

1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесі Қазақ КСР Президенті лауазымын белгіледі. Сол күні Нұрсұлтан Назарбаев республиканың Жоғарғы Кеңесі сессиясында Қазақстан тарихындағы тұңғыш президент болып сайланды.

Ал 1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстанда тұңғыш рет жалпыхалықтық Президент сайлауы өтті. Бұған дейін Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесі депутаттарының сайлауымен Президент атанған Нұрсұлтан Назарбаев жалпыхалықтық сайлауда да үлкен жеңіске жетті. Сайлауға қатысқан 8 778 726 азаматтың 98,78 пайызы оны жақтап дауыс берген.

Тәуелсіздік таңы!

1991 жылғы 16 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды.

Қазақ жұртының ғасырлар бойғы арманы орындалып, бодандықтан бостандыққа жетті, өз алдына дербес ел болды.

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңы 7 тараудан тұрады. Алғашқы тараудың бірінші бабында: «Қазақстан Республикасы — тәуелсіз, демократиялық және құқылық мемлекет. Ол өз территориясында өкімет билігін толық иеленеді, өзінің ішкі және сыртқы саясатын дербес белгілеп, жүргізеді» — деп атап көрсетілген, сондай-ақ, осы тарауда республика территориясының сол кездегі шекараларында біртұтас, бөлінбейтін және қол сұғуға болмайтын территория болып табылатыны да айтылған.

Ал арада екі жарым ай уақыт өткенде, 1992 жылдың 2 наурызында Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше боп енді. Осылайша, елімізді барша әлем тәуелсіз мемлекет ретінде таныды.

Астана — тәуелсіздік тірегі

1994 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің сессиясында Елбасы депутаттарға астананы басқа қалаға ауыстыру туралы бастамасын жеткізді.

Сол тұстағы ізденістері туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Астананы көшіруді Қазақстанның жаңа талпынысының бір белгісі деп қарадым. Қаныш Сәтбаевтың айтқан сөзін де ескердім. Кейбір ақпарат құралдарына ұсыныс жасадым: «Осыны айтайықшы, жазайықшы, ел не дер екен?» — деп. Әуелде ел онша елеңдей қоймады. Депутаттармен де сөйлестім. Олар да қозғала қоймады. Алматыға қарасақ, жағдай анау. Таудың қуысына сыймай отырған қала, қыс ауасы — көк түтін. Былай қарай шығайын десең, Қаскелеңге тірелесің, мына жағында — Талғар. Баяғыда Ақмешіттен көшіп келгенде Іленің бойына жаңа қала салмақ болған, вокзалының орнына дейін бар. Өте жақсы идея, бірақ жүзеге аспай қалған. Сонан болашақ астана бола алатын жерлерді қарастыра бастадым. Ел ортасы — Жезқазған. Жер жағдайы онша емес. Қарағандыны да, Көкшетауды да қарадық, айналып келгенде Есілдің бойында тұрған, баяғы Геродот айтатын Батыстан Шығысқа баратын жолдың бойында жатқан Ақмолаға тоқтадық» — деп жазған болатын.

Ал «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы» Елбасы Жарлығы 1997 жылдың 20 қазанында шықты. Жарлықта 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Ақмоланың ел астанасы болатыны, 1998 жылдың 10 маусымында жаңа астананың ресми тұсаукесері өтетіні айтылды.

1997 жылдың 10 желтоқсанында Елбасы өзінің жұмыс күнін тұңғыш рет жаңа астанадағы жұмыс орнында бастады.

Ата Заң

Тәуелсіздіктен соң елімізде 1993 және 1995 жылдары екі Конституция қабылданды. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында Қазақстанның саяси-экономикалық жағдайы мүлдем басқаша болатын. 1993 жылы қабылданған Конституцияның кейбір тұстары нарықтық қоғамдағы өзгерістерге сәйкес болмай шықты. Сондықтан араға екі жыл салып, 1995 жылы қазіргі Конституция қабылданды.

Жаңа Конституцияны қабылдау қарсаңында қызу жұмыстар жүрді. Елбасы: «Мен өз басым тікелей әлемдегі жиырма елдің конституциясын талдап, олардан конспекті жасап алдым. Нәтижесінде, жаңа Конституцияның қажеттігі туралы шешім қабылдамас бұрын, бізде бесжылдық жинақталған тәжірибе болды. Біз содан негізгі басымдықтарды, мақсаттарды ажыратып, оларға жетудің құралдарын үйрендік. Конституция­ны қабылдау қарсаңында ондаған жылдар бойы азаматтарымыздың ой-санасында қордаланып қалған стереотиптерді жою үшін, мемлекет пен қоғамды түбегейлі реформалау барысында пайда болатын көптеген объективті және субъективті проб­лемаларды шешу үшін бірнеше жылға созылған табанды жұмыстар атқаруға тура келді», — деп жазды. 1994 жылы ол өз қолымен Әділет министрлігіне жаңа Конституцияның жобасын тапсырған болатын. Нақ осы үлгі-жоба бүгінгі Ата Заңымыздың негізін қалады. Ата Заң жобасы бүкілхалықтық талқылауға салынды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, бас құжатты талқылауға 3 миллион 345 мың адам қатысып, жұртшылық тарапынан түскен ұсыныстардың 1100-і Конс­титуция жобасына енгізілген.

Интернет желісінен ықшамдап әзірленді.

Комментарии закрыты.