«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстегі жаңа өзгерістер

11 шілдеде Елбасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды.

Осы қабылданған Заңға сәйкес, қолданыстағы заңнамаларға көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Мұндай өзгерістер меен толықтырулар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне де қатысты.
Атап айтқанда, басты жаңалықтардың бірі – әкімшілік істер бойынша заңды күшіне енген сот актілерінің Жоғарғы Сотта қаралу тәртібі өзгерді. Енді соттың қаулылары Жоғарғы Соттың Төрағасы мен Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасының бастамасымен қайта қаралуы мүмкін.
Әкімшілік істер бойынша заңды күшіне енген сот актілерінің Жоғарғы Сотта қаралуы үшін әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған тұлға, жәбірленуші, олардың заңды өкілдері, қорғаушылары, заңды тұлғалардың өкілдері Жоғарғы Сотқа ұсыныс енгізу туралы өтінішхат беруге құқылы.
Мұндай құқық орталық мемлекеттік органдарға да берілген.
Ұсынуды енгізу туралы өтінішхат Әкімшілік кодекстің 848-бабында көзделген талаптарға сәйкес болуы тиіс.
Бұл ретте процеске қатысушылар міндетті түрде өтінішхаттарда төмендегі мән-жайларды:
— қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатынын;
— қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатынын;
— қаулы құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын негіздер ретінде көрсетулері қажет.
Мұндай талаптар кассациялық наразылық келтіру туралы прокуратура органдарына берілетін өтінішхаттарда да көрсетілуі тиіс.
Аталған негіздер Әкімшілік кодекстің 851-бабының 5-бөлігіне сәйкес Жоғарғы Соттың заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау үшін ерекше жағдайлар болып табылады.
Қабылданған Заңға сәйкес жаңадан қабылданған Заңның талаптары 2017 жылғы 25 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
С.Сағатов,
Ұлытау аудандық сотының төрағасы.

Комментарии закрыты.