Тәуелсіздік діңгегі – халықтар достығы

Татулықтың тірегіне һәм ынтымақтың ұйытқысына айналған тәуелсіз Қазақстанымыз – жаһан жұртына темірқазықтай мықты саяси тұрақтылығымен танылған мемлекет. Осы орайда Тәуелсіздік күні мерекесінде өңіріміздегі өзге ұлт өкілдерінің тілектерін ұсынуды жөн көрдік.

Қазақстан – татулық мекені

Қазақстанның өзге аймақтарын айтпағанның өзінде біздің кеншілер қаласында жүзден астам ұлттар мен ұлыстардың ұрпақтары тұрады. Солардың бәрінің болмаса да кейбірінің басын біріктіретін «Достық үйі» ашылып, онда этно-мәдени орталықтар топтастырылуда. Соның бірі-біздің Тарас Шевченко атындағы Украин этно-мәдени орталығы.

Біздің орталық қаламыздағы барлық мәдени-көпшілік жұмыстарға белсене араласады. Репертуарында қазақ әндері мен халық әндері бар. Олар қазақ халқының ұлттық өнерін насихаттауға зор үлес қосып жүр. Бұның барлығы ел тәуелсіздігінің арқасында деп ойлаймын.

Қазір Қазақстан халқы Ассамблеясының ел ішіндегі беделі тек этносаралық достықты нығайтумен ғана шектелмей, әр этностың мәдениеті мен тілін, дәстүрі мен дінін сақтауға үлкен үлес қосып келеді. Елбасының толеранттылық ұстанымына сәйкес қазақ жерін мекен еткен өзге этностар жергілікті халықтың тарихын, мәдениетін жетік біліп қана қоймай, мемлекеттік тілді меңгеруге деген талпынысы ұдайы қолдау табуда. Өйткені, қазақ халқының дархан көңілі мен кеңпейілдігі барша ұлысты бір шаңырақтың астына ұйыстыруға себеп болып отыр. Бірлігіміз бен достығымыз, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!

Роман Бурда,
Т.Шевченко атындағы Украин этно-мәдени орталығының төрағасы.

Қазақ тілінде еркін сөйлейміз

Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде әлемге танылды. Ұлт көшбасшысының бастамасымен елімізде осы жылдар ішінде қыруар істер атқарылды. Ел экономикасы да жылдан-жылға нығайып, мәдени, рухани даму деңгейі көтерілуде. Жылдан-жылға халықтың саны көбейіп келеді.
Біз әрдайым тату, ынтымақшыл ұлт болғанымызға мақтанамыз. Әрине, бұл жетістікке татулықты ту еткен қазақ халқының кеңдігінің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Қаламыздағы «Дуслык» татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігінің мүшелері татар-башқұрт тілдерінде ғана емес, қазақ тілінде де ән айтады. Сондай-ақ, арамызда қазақ тілінде еркін сөйлейтіндер бар. Осы тұста еліміздегі барлық ұлт өкілдерінің қазақ тілінде сөйлеуге деген құлшынысы жоғары екенін айта кеткен жөн. Бұл – алдымен, елге, мемлекеттік тілге деген құрметтің белгісі. Ал, мемлекеттік тіл – ел тәуелсіздігінің тірегі.
Тәуелсіздік — қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да қазақ халқы мен Қазақстанды мекен еткен барлық өзге ұлт өкілдері үшін ең қастерлі күн – Тәуелсіздік күнімен баршаңызды құттықтаймын!

Руфина Абузярова,
«Дуслык» татар-башқұрт этно-мәдени орталығының жетекшісі.

Ырысы мол ынтымақтастық

Бүгінгі күні біз, орыс халқы, Тәуелсіз Қазақстанның қыран құсы қалықтаған көк аспанының астында баянды да бақытты ғұмыр кешіп жатырмыз. Мұның бәрі алдымен Елбасымыздың еңбегі деп айтар едім. Себебі, еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көпұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы – Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесі.

Орыстар – қазақтармен ежелден етене араласып, тамырын тереңге жайған ұлттардың бірі. Сондықтан да болар, кешегі қиын-қыстау күндерде бір-бірімізбен ымыра бірлікте бола білдік. Бізді жатсынбай, бауырларына басқан қазақ халқына алғысымыз шексіз. Қазір қалада біздің этно-мәдени орталығымыздың дамуына жақсы жағдай жасалып отыр. Жалғыз біз емес, әр ұлттың өзінің тілін, тарихын оқып-үйренуіне, салт-дәстүрін сақтауға, жастарға үйретуге мүмкіндік жасалған.

Біз осындай бірлігі жарасқан елде туып-өскенімізді мақтаныш тұтамыз, кейінгілерге өнеге ретінде айтып жүреміз. Және өз кезегімізде біз Қазақстан мемлекетіне адал қызмет етіп, туған Отанымыздың өсіп-өркендеуіне бар күш-қайратымызды жұмсаймыз деп нық сеніммен айта аламыз.

Анжела Кондратова,
«Любавушка» орыс этно-мәдени орталығының жетекшісі.

Комментарии закрыты.