Ақиқаттың ақыны

Ұлттың ұлы мейрамы саналатын Тәуелсіздік күнін атап өту бағытында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Олардың түпкі мәні азаттық күнінің қадірін түсінуге бағышталады. Осы мақсатта қаламыздағы №27 орта мектепте «Ақиқаттың ақыны» атты Мұхтар Шаханов оқулары өткізілді.

Тәуелсіздік туы Желтоқсан оқиғасынан кейін ғана желбірегені бәрімізге аян. Сол қытымыр қыстың көп күнінің бірінде азат елдің ақ таңы үшін жандарын қиған қазақ жастары тарих сахнасынан өзіндік орындарын алды. Сол тұста ақындығымен, асқақ азаматтығымен желтоқсан жаршысы болған Мұхтар Шахановтың алар орны ерек. Оқыса өскелең ұрпақтың жігерін жанитын, жете түсінсе рухын оятатын поэзиясына №27 мектептің оқушылары үңіліп көрді.

Кеште 7-10 сыныптың оқушылары мәнерлеп оқу мен өздерінің шығарған туындыларын жатқа оқу кезеңдері бойынша сайысты. Қазылар алқасының алдында ақынның өлеңдерін тебірене оқыған жасөспірімдер барын салды. Өлеңдері мен поэмаларына өзгеше реңк беруге тырысты. Ал, байқаудың «Жаңа ғасыр жырлайды» кезеңінде жас ақындар бақ сынасты. Азат күннің қадірін жете түсінуге арнаған өлеңдерін жатқа айтты.

Әдеби кеш соңында үздіктер марапатталды. Жеңімпаздарға мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар тарту етілді.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.