Ғылыми конференция өтті

Алаш партиясының құрылғанына бір ғасыр толуына орай қаламызда көптеген іс-шаралар өткізілуде. Солардың бірі – Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен №16 жалпы білім беретін орта мектебінде өткен «Алаш» партиясына – 100 жыл: тарих тағылымы» тақырыбындағы аймақтық ғылыми-теориялық конференция.

Алаш көшбасшыларының тәуелсіздік жолындағы күрестері мен олардың идеяларын, демократиялық құндылықтарға қатысты көзқарастарын жастарға таныстырып, түсіндіру мақсатында өткен конференцияға қала мектептерінің мұғалімдері мен оқушылары, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің қызметкерлері және Жезқазған гуманитарлық колледжінің оқытушылары қатысты.
Конференция жұмысы №16 орта мектептің оқушылары дайындаған Алаш Үкіметінің құрылуы, олардың алғашқы қадамдары жайындағы сахналық көрініспен басталды. Одан әрі іс-шараның модераторы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Мадинат Игенберлина қатысушыларды жиынның бағыт-бағдарламасымен таныстырды.

– Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында тағылымы мол тарихымызды зерделеуге, төлтума мәдениетімізді қолдауға қатысты нақты міндеттерді атап көрсеткен болатын. Сондықтан, халқымыздың тарихи әрі рухани мұрасын дәріптеуде бұл ғылыми конференцияның өзіндік қосар үлесі зор, – деді Мадинат Балтина өз сөзінде.

Конференция екі бағытта жұмыс істеді. Бірінші секцияда «Алаш көшбасшыларының мемлекеттілікке, ұлттық құндылықтарға көзқарастары» атты тақырыпта төрт баяндама оқылса, екінші «Алаш тағылымы – Тәуелсіздік негізі» секциясында үш баяндама тыңдалды. Атап айтқанда, №16 мектептің тарих пәні мұғалімі Жайдаркүл Жұмабайқызы «Алаш» қайраткерлерінің тарихи тағдыры» атты баяндамасын оқыса, №1 мектеп-гимназиясының ұстазы Шынболат Бөлтірік «Алаш көгіндегі күн» тақырындағы жұмысын қорғады. Сондай-ақ, конференцияда С.Сейфуллин атындағы гимназияның мұғалімі Алтын Амиркулова «Алашорда тарих толқынында», Жезқазған гуманитарлық колледжінің оқытушысы Динара Сатыбалдина «Алаш тағылымы және тәуелсіздік», №33 «Күншуақ» балабақшасының тәрбиешісі Жанат Темирбекова «Алаш идеясының Тәуелсіз Қазақстан идеяларымен сабақтастығы» атты тақырыптардағы баяндамаларын көпшілік назарына ұсынды.

Оқылған баяндамалар бойынша қатысушылар тарапынан ой-пікірлер де айтылды. Отырысты қорыта келе, Алаш қозғалысы тарихын және Алаш қайраткерлерінің рухани мұраларын одан әрі тереңдетіп зерттеуге үлес қосуға, Алаш зиялыларының шығармаларынан көркемсөз оқу, мәнерлеп оқу байқауларын ұйымдастыруға байланысты қарарлар қабылданды.

Конференция соңында барлық баяндамашыларға ұйымдастырушылар атынан Алғыс хаттар мен конференция материалдары жинақталған кітапша табыс етілді. Сонымен қатар, осы іс-шараның маңызды өтуіне ықпал жасағаны үшін №16 жалпы білім беретін орта мектептің ұжымы бағалы сыйлықпен марапатталды.

Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.