Бозкілемде балғын балуандар

Өткен аптада қаламызда грек-рим күресінен 2002-2003, 2004-2006 жылдары туған жасөспірімдер арасында облыстық ашық турнир өткізілді. Екі күн бойы үздіктерді анықтаған жарыс ҚР Тәуелсіздігінің 26 жылдығына орайластырылды.

Қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастамасымен жалауы желбіреген жарысқа қатысқан жасөспірімдер көп болды.

Турнирдің өту деңгейі облыстық болғанымен, еліміздің 8 облысынан барлығы 155 спортшы бозкілемде белдесуге мүмкіндік алды. Жарыстың салтанатты ашылу шарасында сөз алған бас төреші Амантай Байтөрин қатысушыларға сәттілік тілеп, ұлттың ұлы мейрамы Тәуелсіздік турасында тағылымды ой өрбітті.

– Бүгінде грек-рим күресімен қаламызда 100-ге жуық жасөспірім айналысады. Олардың ішінде үш спортшы облыс намысын қорғап жүрген жайы бар. Шаһарымызда бұл күрес түрімен жаттығуға мүмкіншілік мол. Бастысы, жетістікке жетіп ел сенімін ақтаса болғаны, – дейді Амантай Байтөрин.

Бұл жарыс грек-рим күресінің өркендеуін, одан әрі дами түскенін айғақтап отыр. Былтырғы жылы осы спорт түрінен жарыстың аймақаралық деңгейде ұйымдастырылуы қолдау тауып, биыл облыс көлемінде ұйымдастырылды. Күнтізбелік жоспарға сай, республикалық деңгейдегі көлемді жарыстың жалауы біздің қаламызда желбіреп жатса, таң қалмаңыз.

Желтоқсанның 6-сы мен 7-сі күндері мықты спортшыны анықтаған турнирдің қорытындысы бойынша 1-ші орынды сәтбаевтық Досбол Құрманғали жеңіп алды. Бұдан бөлек, түрлі салмақ дәрежелері бойынша үздіктер анықталып, жеңіс тұғырына талпынғандар медаль тағынды. Диплом мен кұнды сыйлықтарға ие болды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.