Қайырымдылық ісіңнен көрінеді

3 желтоқсан – Мүмкіндігі шектеулі жандардың халықаралық күні. Осыған орай қаламыздың тыныштығын күзетіп жүрген тәртіп сақшылары мейірімге мұқтаж балаларды құттықтап, қайырымдылық шарасын өткізді.

Желтоқсан айының 3-і мен 8-і аралығында өткен «Жолдағы тең мүмкіндіктер» атты республикалық акция аясында қайырымдылық жасауға кіріскен полиция қызметкерлері қаламыздағы мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасау орталығына келіп, бүлдіршіндерді айтулы мерекемен құттықтады. Әлеуметтік әлжуаз тобындағы балалардың бір сәтке көңілін көтеруге келген №27 мектептің оқушылары шағын концерттік бағдарлама көрсетті. Ән айтылып, би биленді. Ал, тәртіп сақшылары өз тарапынан 15 жасөспірімге тәтті тағамдар үлестірді.

– Жергілікті полиция қызметіне қарасты ювеналды полиция тобының инспекторлары бұл күні түрлі шараларға қатысып, мейірімге мұқтаж жандарға көңіл бөлуді қолға алды. Мүгедек топтағы жасөспірімдер мен науқас жеткіншектер де біздің назарымызда. Күні кеше ғана Жезқазған қаласындағы психоневрологиялық диспансерде кездесу ұйымдастырып, 27 балаға тәтті тағамдар тараттық. Әлеуметтік сала қызметкерлерімен бірге акция барысында көмек көрсетудеміз. Бұл әлі де жалғасын таба береді, – дейді Сәтбаев қалалық ІІБ ЖПҚ ювеналды полиция тобының аға инспекторы Гүлнар Жалмурзина.

Нұрлат Қонысбай.

Комментарии закрыты.