Көш басында көшбасшы әйелдер

Өткен аптада қаламыздың көшбасшы әйелдері бас қосты. Шаһарымыздың саяси және қоғамдық өміріне белсене араласқан нәзік жандылар бұл жолы көшбасшылық қабілеттерін шыңдауға емес, мектептің бойжеткен оқушыларына кәсіп ашу төңірегінде тегін шеберлік сыныбын өткізуге арнады.

Бүгінде әйелдер қауымы отбасында ғана емес, қоғам өмірінде де үлкен ептілік пен іскерлік танытып жүрген жайы бар. Бұл еліміздегі гендерлік саясаттың тепе-теңдігін көрсетсе керек. Мүдде мен мүмкіндіктердің таразы басы тең түскен тұсында әйелдер әр салада өз соқпағын салады, саяси көшбасшы болуға талпынады. Талай нәзік жандының тынысын кеңейтіп, ойын жүзеге асырып жүрген әйелдердің саяси көшбасшы мектебі мен Аналар кеңесінің мүшелері №4 мектеп-лицейінде жоғары сынып оқушыларымен кездесті. Шараны аталған мектептің төрайымы Марал Мәдиева жүргізіп отырды.

– Көшбасшы мектебі осымен үшінші жыл іскерлікке жақын жандарға көмек қолын созып жүр. Елімізде гендерлік саясаттың салтанат құруы мына біздей әйелдер қауымына деген ықылас, сенімге құрылып отыр. Сондықтан, әрбір қыз-келіншек өзінің жолын осы бастан іздеу керек. Кәсіби біліктілікке икемдеу, мамандық таңдауда қателік жасамау сынды зор міндеттер тұр алдарыңызда. Бүгін сіздерге қаламызда жоспарлы жұмыс жасап, бизнесвумен атанған кәсіпкерлерді шақырып отырмыз. Олар өздерінің армандарымен бөлісіп, өз жолын таба білу төңірегінде әңгіме өрбітеді. Кеңестеріне құлақ асыңыздар, – деді жиналған қауымға Марал Сағынайқызы.

Ал, өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіп иелері өздерінің жетістікке жету жолдарын, өмірдегі орнын таба білумен қатар, шеберлік сыныбына әкелген арнайы қолдан жасалған өнімдерін таныстырды. Кездесу барысында оқушылар өздерін толғандырған сауалдарына жауап алып, келешекті кемелді қылуға бір қадам жасауға мүмкіндік алды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.