Оқушы пікірі ортаға салынды

Өткен аптада қаламыздағы №19 мектеп қабырғасында латын әліпбиіне көшу туралы дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Танымдық сабағында ұстаздар мен оқушылар жаңа әліпби төңірегінде пікір алмасып, ойларымен бөлісті.

Латын қарпіне ауысудың жалпыхалықтық талқылауында жастардың бұл жаңалыққа елең ете қоймағаны анық. Себебі, жаңашыл көзқарасқа, білім мен талапшылдыққа ие әрбір жас бұл әліпбиді жете меңгеріп кете алады. Оған дөңгелек үстел кезінде өрбіген әңгімеден көз жеткіздік.

Алуан пікірлер тоғысқан шара барысында латын қарпі турасындағы бейнеролик көрсетілді. Онда тарихи кезеңдердегі латын әліпбиін пайдалану туралы ақпараттар қамтылды. Оқушылардың танымы мен зейінін одан сайын аша түскен роликтен соң, өзара пікірлер ортаға салынды. Тақырыпқа қаныға түскен 9 сынып оқушылары латын қарпін пайдаланудың тиімділігі мен қиыншылықтарын саралады.

– Дөңгелек үстел алдымен жастарға патриоттық тәрбие беруге, олардың пікірлеріне құлақ асуға бағытталды. Шарада латын әліпбиіне ауысудың тиімділігі мен ұтымды тұстары сөз болды. Ұстаздар қауымы да оқушылардың пікіріне мән беріп, ортақ түсінік қалыптастыруға жағдай жасады. Бүгінде мектебімізде жаңа әліпбиге байланысты танымдық, ашық сынып сағаттары, пікірсайыс, дебат жарыстары көптеп өткізілуде. Бұл тарапта жастардың өз білгендерін ортаға салып, қоғам өміріне бей-жай қарамайтынына көз жеткізе аламыз, – дейді ұстаз Шынар Искакова.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.