Абай оқулары байқауы өтті

Қаламызда мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өзге ұлт өкілдері арасында аймақтық Абай оқулары өтті. Шаһарымыздағы №1 мектеп-гимназиясында өткен байқауда 8 қатысушы бақ сынады.

Байқауды өткізудегі негізгі мақсат қазақ тілінің қолданылуын дамыту арқылы мемлекеттік тіл саясатын насихаттау болды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұйымдастырылған байқау үш кезең бойынша өтті. Бірінші бөлімде қатысушылар Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздерінің бірін мәнерлеп оқыса, екінші кезеңде әйгілі «Абай жолы» романынан үзінді оқуға тиіс болды. Үшінші бөлімі Абай әндеріне арналды.

Қатысушыларға мәтінді көркем оқу шеберлігі, дауыс мәнері және тіл тазалығы, сахна мәдениеті, ұлттық киім үлгісі сынды талаптар қойылды. Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлде Жезқазған гуманитарлық колледжінің студенті Риза Кузьменкоға берілді. 1-орыннан Жезді кентінен келген Наташа Власова көрінсе, үздік екінші орынды №12 орта мектебінің оқушысы Собида Шаймонова жеңіп алды. 3-орынды Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің оқушысы Диана Айтпаева місе тұтты. Жеңімпаздарға дипломдар мен құнды сыйлықтар табысталды.

Нұрлат Қонысбай.

Комментарии закрыты.